Соқыр өзеніне кәріз суы төгілді: экологиялық қауіп бар ма?

Қарағандыда экологиялық ахуал тағы да қоғам назарында. Белсенділер Соқыр өзеніне кәріз суының төгілгенін анықтап, дабыл қақты. Олардың айтуынша, «Қарағанды су» кәсіпорнына тиесілі сорғы станциясы кәріз арқылы шыққан лас суларды өзен арнасына айдап жатыр. Ал бұл өз кезегінде Федоров су қоймасына қауіп төндіруі мүмкін. Өйткені ол — Қарағанды қаласының негізгі су көзі.

Белсенді Жұмабай Ысқақов түсірген бейнежазбада өзенге ағызылып жатқан кәріз суы анық көрінеді. Ол бұл жағдайдың салдары өте ауыр болуы ықтимал екенін айтады.

– Бәлкім, кәріз жүйесінде бірдеңе бітеліп қалған шығар. Бірақ кез келген жағдайда кәріз суын өзенге айдау – мүлде жол берілмейтін әрекет. Себебі дәл осы жерден небәрі 500 метр жерде Федоров су қоймасының шлюзі орналасқан. Көктемде шлюз ашылғанда, бүкіл лас су қоймаға ағып кетеді. Бұл — қала үшін экологиялық апатқа тең жағдай, – дейді қоғам белсендісі.

Апаттың салдары мен тексеріс барысы

Қазір бұл оқиға бойынша Қарағанды облысының Экология департаменті тексеру жүргізіп жатыр. Әзірге ресми қорытынды жоқ. Дегенмен, белгілі болғандай, қаладағы кәріз сулардың 95 пайызы Федоров су қоймасы маңынан өтетін 10-коллектор арқылы ағады. Ал дәл осы коллектор биыл наурыз айында апатқа ұшыраған — бірнеше күн бойы жүздеген мың текше метр кәріз суы өзенге түскен.

– «Қарағанды су» кәсіпорнына апатты төгінді туралы уақтылы хабарламағаны үшін айыппұл салынды. Олар жағдайды жою бойынша іс-шаралар жоспарын ұсынды. Бірақ бұл жоспар жеткіліксіз деп танылып, қайта қарауға жіберілді. Қазіргі ұсыныстар мәселені түбегейлі шешуге мүмкіндік бермейді, – дейді Экология департаментінің экологиялық бақылау бөлімінің басшысы Ерназ Мұқан.

Мамандар пікірі екіге бөлінді

«Қарағанды су» компаниясы кәріз сулардың Федоров су қоймасына жетіп жатқанын жоққа шығарады. Бірақ тәуелсіз экологтар бұған сенбейді.

– Ең қорқыныштысы – судың уыттылығы ғана емес. Әрине, ол да қауіпті, бірақ басты мәселе — біз жылдар бойы кәріз жүйесін реттей алмай келеміз. Қарағандыда жыл сайын тротуар жаңартып, инновация туралы айтамыз, ал кәріз жүйесі әлі де апатты жағдайда. Бұл — біздің «инновациялық деңгейіміздің» айнасы, – деп пікірін білдірді эколог Дмитрий Калмыков.

Компания жауабы мен жаңа шешімдер

– Бұл — 10-коллектор. Ол саяжай аумағының дәл астынан өтеді. Үй иелері бізді аумаққа кіргізбейді, ал техниканы жүргізу мүлде мүмкін емес. Сол себепті, амалсыздан кәріз суларын Бұқпа өзеніне айдауға тура келді. Қазір өзен арнасын тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Барлық төгілген аумақ қалпына келтіріледі, – деп түсіндірді «Қарағанды су» ЖШС бас директоры Ербол Төлеуов.

Компания басшысының айтуынша, мәселенің түп тамыры — ескі инфрақұрылым мен заңсыз салынған саяжайлар.

– Бұл коллектор бізге мұра ретінде берілген. 55 жыл бойы ешқандай күрделі жөндеу жүргізілмеген. Оның үстіне саяжайлар тікелей коллектордың үстіне салынған, бұл – экологиялық және техникалық тұрғыдан мүлде дұрыс емес. Диаметрі екі метр болатын кәріз құбырының үстіне үй салу – ақылға сыймайды, – дейді ол.

2018–2019 жылдары коллектордың ішкі қабырғалары полиэтиленмен қапталған. Бірақ уақыт өте келе бұл қаптамалар ажырап, құбырдың ішін бітеп тастап, апаттардың жиілеуіне себеп болған.

Алдын алу шаралары және ТЖ режимі

Қауіптің алдын алу мақсатында Қарағанды қаласының әкімі техногендік сипаттағы төтенше жағдай режимін енгізді. Бұл шешім апат болғаннан кейін емес, оның қайталануын болдырмау үшін қабылданған.

Әкімдіктің мәліметінше, енді саяжай аумағын айналып өтетін ұзындығы 2 шақырымдық жаңа құбыр салынады. ТЖ режимі құрылыс материалдарын жедел сатып алып, ұзақ келісімдерсіз жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Бүгінде Соқыр өзенінің маңы экологиялық бақылауға алынып, жергілікті билік, экологтар және белсенді азаматтар жағдайдың дамуын жіті қадағалауда.

Экологтар мен қоғам өкілдері бір пікірде: Қарағандының дамуы үшін ең алдымен жерасты инфрақұрылымын жаңарту қажет. Әйтпесе, мұндай апаттар экологиялық қауіптен бөлек, тұрғындардың денсаулығына да тікелей әсер етуі мүмкін.

«Таза су – таза өмірдің кепілі. Ал бұл жолы табиғат бізге тағы бір ескерту жасап отыр», – дейді белсенділер.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»