СНЮС туралы не білу керек?

СНЮС — шайнайтын темекі өнімдерінің бір түрі. Зат түтінсіз өнімдерге жатады. Қажетті әсер алу үшін қолданған кезде, құралды тұтатудың қажеті жоқ. Бұл — темекіден басты айырмашылығы. Шын мәнінде, СНЮС — әр түрлі затпен араласқан және ыңғайлы қолдану үшін 0,4–2 гр пакеттерге салынған ұсақталған темекі. СНЮС әсіресе жасөспірімдерге қауіпті, өйткені оларда дене әлі толық қалыптаспаған. СНЮС қолданудың ең ауыр салдары — өсудің баяулауы және тоқтауы, зейін мен есте сақтау қабілетінің нашарлауы, ашушаңдық пен агрессивтіліктің жоғарылауы, иммунитеттің әлсіреуі және жұқпалы ауруларға сезімталдықтың жоғарылауы, ауыз қуысының, асқазанның және ұйқы безі қатерлі ісігінің даму қаупі жоғары.

Никотинмен ауыр уланудың белгілері: тахикардия (пульс минутына 90 соққыдан жоғары), қан қысымының жоғарылауы, гиперсаливация (сілекейдің көп бөлінуі), жүрек айну, құсу, диарея, көз қарашығының үлкеюі т. б. Никотиннің жоғары дозасы тыныс алу орталығын тежейді және орталық жүйке жүйесін бұзады: көру, есту, дененің құрысуы шұғыл пайда болуы мүмкін. Никотинмен улану кезіндегі өлім тыныс алу орталығы жұмысының бұзылуынан болады.

СНЮС — темекінің денсаулыққа қауіп төндіретін және тәуелділікке алып келетін өте қауіпті түрі. Тәуелділікті жеңу оңайға түспейді.

Сол себепті СНЮС қолданбауға кеңес береміз.

Б. Н. Шалысбаева, Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы ауданының Санитариялық- эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы