«Sketch academy» кескіндеме және скетчинг студиясы


Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайында «Sketch academy» кескіндеме және скетчинг студиясы оқытушыларының көрмесі ашылды.
«1art» деп аталатын көрмеге ересектермен қатар 5 жастан бастап балаларды оқытатын көркемсурет студиясы ұстаздарының 50-ден астам жұмысы қойылған. Бұл – кескіндеме және скетчинг студиясы мұғалімдерінің алғашқы вернисажы.
«Sketch academy» студиясы Дәурен Кошен мен Арман Терлікбаевтың жетекшілігімен 2018 жылы ашылды.
– Жалпы, біздің студияның құрылғанына 7 жылдан асты. Әр түрлі қалада біз балаларды көркемсурет студияларында скетчинг, кескіндеме және иллюстрацияларға үйретеміз. Жыл сайын оқушыларымыздың есептік көрмелерін ұйымдастырамыз, бұл жолы Қарағанды облысының мұғалімдеріне арналған «1art» көрмесін алғаш рет ұйымдастырдық. Бұл көрмеде бес ұстазымыздың 50-ден астам жұмысы қойылған, менің де жұмыстарым бар. Өзім сюрреализм және символизм стилінде сурет саламын. Біздің Қарағанды облысындағы студияларымызда 300-ден астам бала Қарағанды, Шахтинск, Теміртау қалаларында білім алуда. 5-17 жас аралығындағы балаларды оқытамыз, арасында арнайы бағдарламамен тегін оқитындары да бар. Жаңа бағыттармен сабақ береміз, – дейді «Sketch academy» кескіндеме және скетчинг студиясының жетекшісі Дәурен Кошен.
Мұражай директоры «Sketch academy» кескіндеме және скетчинг студиясының оқытушыларын көрменің ашылуымен құттықтап, студияда оқушылардың көп болуын тіледі.
– «Sketch academy» екі жылдан бері біздің мұражайда балалар көрмесін өткізіп келеді, бірақ бүгін мұғалімдер өз көрмелерін ашып отыр. Жарайсыңдар, бұл өте жақсы, батыл қадам. Сіздерге әлі де үйренетін нәрсе бар, кәсіпқойлықтарыңызды арттыру қажет. Неліктен? Өйткені сіздер балаларды, шығармашылық адамдардың болашақ ұрпағын, оқытып жатырсыздар. Сондықтан өнеріміздің болашағы жақсы кәсіби қолда болғанын қалаймын. Біздің музейге келген қонақтар сіздердің туындыларыңызды бағалайды, тамашалайды, ой елегінен өткізеді, осы көрмеден соң, мүмкін, шәкірттеріңіздің саны мұнан да арта түседі деп ойлаймын, – деді облыстық бейнелеу өнері мұражайының директоры Бибігүл Құдабаева.
Оқытушылар София Ушакова, Алина Кушхова, Дәурен Кошен, Юлия Хакимова, Анель Каримсакова туындыларында адамзатқа, әлемге және табиғатқа деген сүйіспеншілікке толы өз әлемін бейнелеуге тырысты. Жұмыстарда майлы бояу, гуашь, акрил сияқты техникалар қолданылды. Көркем туындылар түс және бояулардың көптігімен ерекшеленеді, олардың ішінде натюрморт, пейзаж, портреттер және символикалық композициялар бар.
Әр жұмыс – өзінің тақырыбы, мазмұны, стилі және тарихы бар жеке жоба.
Қарағанды қаласындағы студияның оқытушысы Алина Кушхованың айтуынша, бұл – оның алғашқы жеке көрмесі. Алинаның мамандығы – музыкант, бірақ карантин кезінде Дәурен Кошенге оқуға келіп, кейін оның студиясында мұғалім боп қалыпты.
– Бұл – менің алғашқы жеке көрмем, оған дейін көрмеге оқушыларым қатысқан болатын. Мұнда менің 15-ке жуық жұмысым қойылды. Олардың арасында менің бейнелеу өнеріндегі алғашқы жұмыстарым да бар, өйткені менің мамандығым – суретші емес, музыкант. Мен мұнда ковид кезінде сабаққа келіп, кейін осы студияда сурет мұғалімі болып жұмысқа кірісіп кеттім. Содан бері суретке деген қызығушылығым артып, сурет салудамын. Мұнда ұсынылған көптеген картина – менің жеке коллекциямнан. Сурет салуды қалай үйренгенімнен басталатын көптеген көлемді туынды бар. Текстуралы, көбінесе гүлдері бар, алтын аққу бар, бұл – текстуралы паста. Қалған жұмыстар қарапайым, классикалық, әр түрлі стильде. Негізінен, үйреніп қалдым және текстуралы пастамен жұмыс істегенді жақсы көремін, бұл текстуралы кескіндеме немесе, басқаша айтқанда, мүсіндік кескіндеме деп аталады, – дейді Алина.
Оның жұмыстарының арасында бірегей жұмыстар бар, атап айтсақ, өткен жылы қаза болған кеншілерге арналған картинасы ерекше.
– Бұл жұмысым қаза болған кеншілерге арналған, оның тақырыбы жоқ, өйткені былтыр болған оқиғалардан кейін сөз жоқ. Мен барлығымен бірге қайғырдым. Әкем – шахтер, оған ештеңе болған жоқ, бірақ көптеген әріптесі, біздің ортақ достарымыз сол жарылыстан қайтыс болды. Бұл суретті өте ұзақ салдым, идеям өте ауқымды болды, суреттің өзі көлемді. Бұл жұмысымда осы трагедияға қатысты барлық ойымды білдіргім келді. Бұл, әрине, қарапайым азаматтардың да, мәртебесі жоғары азаматтардың да жадында сақталып қалады, мұндай оқиғалар енді қайталанбасын. Картина өте ауыр, салмағы шамамен 4 келі. Бұл – ағаш рамкасы бар кәдімгі кенеп, материалы – текстуралы паста, акрил, яғни шпаклевкаға ұқсас арнайы паста. Мастихин арқылы осы пастамен гүлдерді мүсіндедім. Мастихин – арнайы құрал, онымен осындай гүл жасауға болады. Каска – шынайы каска, оны достарым әкеп берді. Төменгі жағында «AMT» деген жазу және кеншілер ұстаған фонарьдың ескі форматы бар. Түсі қара, себебі ол – көмір, – деп түсіндірді суретші.
Үш жыл бұрын Алина жаңа өмір бастауға шешім қабылдайды, сол кезде «Алтынмен қапталған қара аққу» деген суретін салған. Бұл жұмысы да көрмеден орын алыпты. Сондай-ақ құрбысының тойына орай салған «Жастардың бақыты үшін» деген картинасы да көрмеге қойылған екен.
Және тағы бір «Қымбат жарымжан» деген ерекше жұмысы көзге түсті, «атауы ерекше екен…» деген лебізімізге Алина былай жауап берді:
– Бұл жұмысыма қатысты мұражай қызметкерлері де көптеген сұрақ қойды. Мұнда құс бейнеленген, бірақ оның қанаттары ерекше, бұл біздің арамызда жүрген ерекше адамдарды бейнелейді. Неге сонша қымбат, өйткені, біріншіден, мұның бәрі алтын түсімен жасалған, екіншіден, біздің арамызда өмір сүріп ерекше бала өсіру қанша тұратынын бәріміз жақсы білеміз, ол өте қымбат. Сурет, негізінен, мен үшін әдемі, сүйкімді және лайықты болып көрінеді, сонымен қатар оның барлығы алтынмен өте әдемі безендірілген. Бұл мүгедектердің қарапайым емес, керісінше, барлығының назарын аударуға тұрарлық екенін көрсетеді. Сабағыма да бірнеше ерекше бала келеді, олармен жұмыс жасау оңай әрі қызықты.
«Sketch academy» кескіндеме және скетчинг студиясы оқытушыларының көрмесі 21 қаңтарға дейін жалғасады. Онан соң дәл осы жерде студияда сабаққа қатысатын балалардың есептік көрмесі ұйымдастырылады. Онда көрермен назарына әр түрлі стильдегі 150-ден астам картина ұсынылады.