Әскерилер көмексіз қалмайды

Әскери қызметшілер мен олардың отбасына жедел құқықтық көмек көрсету аса маңызды. Сондықтан «Орталық» аймағының әскери прокуратурасы Бас прокуратураның және Бас әскери прокуратураның тапсырмаларына орай «Заң керуені» акциясын өткізуде. Акция Қарағанды гарнизонының әскери бөлімдері мен мекемелерінде ұйымдастырылды.

Апта басында «Заң керуені» акциясы аясында кезекті кездесу «Молодежный» мәдениет үйінде өтті. Оған Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің №52859 әскери бөлімінің жеке құрамы қатысып, өздерін толғандырған бірқатар мәселеге қатысты тұшымды жауап алды.

Әскерилермен кездесуге арнайы құрылған жұмыс тобының мүшелері, атап айтқанда, қалалық мәслихат депутаты Сергей Ан, Қарағанды қаласы Қоғамдық кеңес төрағасының орынбасары Александр Бочаров, Құқықтық кеңес комиссиясының төрағасы Жұлдыз Ескенова, Сарбаздардың аналары кеңесінің төрағасы Фатеева Мария Дмитриевна, гарнизонның әскери басқару және қылмыстық қудалау органдарының басшылары, мемлекеттік кірістер, денсаулық сақтау, тұрғын үй қатынастары, халықты жұмыспен қамту және өңірдің әлеуметтік бағдарламалары органдарының өкілдері қатысты.

Кездесу барысында қызықтырған барлық сұраққа жұмыс тобының мүшелері қолданыстағы заңнама нормаларына сай толық түсінік берді.

Акция жалғасуда және алдағы күндері ол ҚР Қорғаныс министрлігінің «Қарағанды» аудандық пайдалану бөлімінде, №44803, №31775, ҚР Ұлттық ұланының №6505 әскери бөлімдерінде және ҚР ҰҚК Шекара қызметінің «Қарағанды» шекаралық бақылау бөлімінде өтеді.

Арман АБИЛҚАСЫМОВ,

«QH»