Әскери борышты өтеу — асқақ мәртебе
Ұлттық ұланның қалыптасқан дәстүрі бойынша Орталық өңірлік қолбасшылығының 6505 әскери бөлімінің 3 және 4 атқыштар батальонының 2-2021 жылғы шақырылым сарбаздары міндетті әскери борыштарын өтеп, қызметтерінің аяқталуына байланысты оларға салтанатты құрмет көрсету кеші ұйымдастырылды.
Аталған кеште бөлім командирі подполковник Капбаров Руслан Айбекович сарбаздарды Отан алдындағы борыштарын сәтті аяқтауларымен құттықтап, жауынгерлік қызметте ерекше көзге түсіп, адалдық мен қырағылық танытқан сарбаздарға бөлім командирінің атынан мақтау қағаздарын табыстады.
Салтанатты шарада №29,33,34,35 түзеу мекемелерінің басшылары да бас көрсетті. №34 түзеу мекемесінің режим бөлім бастығы әділет майоры Баубеков Жанбол Жетписович өз сөзінде: «Халқымызда «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» демекші біз әрқашан адалдық пен табандылық танытқан жауынгер сарбаздарымызды мақтан тұтып, биікке көтеруіміз керек. Еліміздің болашағы жастардың қолында. Болашақта жемістерің арта берсін, ақ жол сендерге, жас қырандар!» – деп жауынгерлерге жылы лебізін жеткізді.
Абай қаласының әкімі Ахметов Медеу Әрінұлы әскери қызметпен қатар өздерінің өнерлерімен, кәсібилілігімен, белсенділігімен ерекшеленіп, әр түрлі мәдени, мерекелік, спорттық шараларға ат салысып, батальонның мерейін асқақтатқан сарбаздарға мақтау қағаздар мен алғыс хаттарын тапсырды.
Сарбаздар өз тарапынан әскери бөлімнің басшылығына зор ризашылықтарын білдіріп, әскери борыштарын өтеген күндерді сағынышпен еске алатындарын айтты. Өмір мектебінің бір сатысын бағындырғанын зор мақтаныш тұтып, болашақта ел ертеңі үшін барын салуға даяр екендіктерін жеткізді.
Осы кештің жалғасы Абай аудандық мәдениет үйінің өнерпаздарының ұйымдастыруымен өткен концерттік бағдарламаға ұласты. Айтулы күн көпшіліктің есінде ұмытылмастай әсермен қалатынына кәміл сенімдімін.
4 атқыштар батальоны командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары капитан Ахметов Мақсат Нұрланұлы