Әскери бөлімде діни жоралғыларға орын жоқ

Әскери қызметкерлерді деструктивті діни ағымдардың жетегінде кетпеуден қорғау мақсатында 77070 әскери бөлімінде «Астана» өңірлік қолбасшылығы басқармасының қатысуымен түсіндіру және алдын алу жұмыстары жүргізілді.

Қарағанды облысының Заң кеңесшілері палатасының мүшесі Қайсар Акбаров әскери қызметкерлерге «Діни қызмет және діни бірлестіктер» тақырыбында дәріс оқыды. Дәріс өткізу барысында ол еліміздегі дін туралы заңның негізгі ұғымдары мен мәнін түсіндіріп, ҚР-дағы қазіргі діни ахуалға тоқталды. Бұл ретте ол мемлекеттік мекемелер аумағында діни жоралғыларды орындауға тыйым салынғанын заң жағынан түсіндірді. Сонымен қатар дөңгелек үстел барысында дәріскер Қазақстан Республикасының негізгі ұстанымы Қазақстан Республикасының әрбір азаматының діни сеніміне қарамастан теңдігінің кепілі, конфессияаралық келісімнің маңыздылығын мойындау екенін атап өтті. Елімізде діни толеранттылық және діни сенімдерге құрмет көрсетіледі.

– Соңғы кездері деструктивті діни ағымдардың ықпалымен әлемде негізсіз лаңкестік әрекеттердің аясында көптеген жазықсыз адамдардың құрбан болуы орын алуда. Осыған байланысты аты шулы оқиғалар жиі орын алған. Орын алған жағдайлар қазіргі тарихымыздағы адамзатқа қарсы ауқымды қылмыстардың бірі саналады, – деп атап өтті Қарағанды облысының Заң кеңесшілері палатасының мүшесі Қайсар Акбаров.

Дәріс соңында әскери қызметкерлер ислам дініне қатысты деструктивті діни ағымдарға қатысты ойларын бөлісіп, дәріскерге сұрақ қойып, оларға толық жауап алды.

Айдын ШАЛАТАЙҰЛЫ,«QH»