Әскери бөлімде «Ашық есік күні» өтті

«Жас сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушілерінен құралған НҰркен Әбдіров атындағы № 58 мектептің оқушылары Саран қаласындағы 44803 әскери бөлімінде өткен «Ашық есік күніне» қатысты.


Жас сарбаздар әскери бөлімнің күнделікті қызметімен танысып, қару-жарақтар мен жауынгерлік техникаларды тамашалады. Әскери қызметшілер оқушыларға қазіргі заманғы атыс қаруларының мүмкіндіктерін, байланыс құралдарының техникалық сипаттамаларын түсіндірді. Сонымен бірге балалар спорт қалашығын, асхананы, мерзімді қызметтегі жауынгерлердің казармаларын аралап көрді.
– Мені әскери техникалар мен қарулардың алуан түрлілігі қызықтырды. Бізді қонаққа шақырған әскери ағаларыма алғысым шексіз, – дейді № 58 мектептің оқушысы Ақнұр Шаймерденова.
Кездесу барысында оқушылар әскери қызметшілерді Қазақстан Қарулы күштерінің 30 жылдық мерейтойымен құттықтады. Өз кезегінде, 44803 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары майор Димаш Нұрақаев жас патриоттарға әрқашан алға қойған мақсаттарына қол жеткізуді, оқуда және спортта жеңіске жетуді, салауатты өмір салтын ұстануды, өз елінің парасатты азаматтары болуды тіледі.