Әскердің айбыны – азаттық белгісі

Сырттағы жаудан сақтанып, іштегі іріткіге жол бермеу үшін әскер әлеуетті, сарбаз айбынды болуы керек. Әріге бармай-ақ, кешегі «Қаңтар оқиғасы» кезінде қауқарымыздың қандай екенін байқадық. Сондықтан бүгінгі таңда жастарды әскерге ынталандыру өзекті мәселенің біріне айналған. Әскери бөлімдерден суыт жетер жағымсыз хабарлар да жиілеп кетті. Бұл да өз кезегінде ата-ана көңілін алаң қылып қойғаны анық. Серт беріп, сапқа тұрар сарбаздар санын арттыру үшін алдымен күпті көңілге сенім ұялату қажет болды. Сондықтан бұл мәселеге үкіметтік деңгейде мән берілуде.

Қазақстанда күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. Жоспар бойынша, елдегі 17 мыңнан астам бозбала әскери комиссариат шақыртуын алмақ. Алайда осынша жастың әскер қатарына қабылдануы екіталай. Олардың ішінде Отан алдындағы борышын өтеуден бас тартып, жасырынып, іздеуде жүргендері қаншама. Өздеріндей өрімдей жастың антпен кетіп, табытпен оралғанын көргенде талай жастың жігері жасығаны да жасырын емес. Армиядағы ағаттықтың арты ажал құштырып жатқандықтан Қорғаныс министрлігі «Әскерде нөлдік өлім» бағдарламасын әзірлеуді қолға алды. ҚР Қарулы күштерінде жеке құрамның қаза болуы мен жарақаттану себебін анықтайтын, оның нәтижесімен «әскерде нөлдік өлім-жітім» шаралар кешенін әзірлейтін жұмыс тобы құрылды. Сондай-ақ министрлік сарбаздардың қауіпсіздігі үшін аға офицерлерлердің жауапкершілігін арттырып, ата-аналар комитетімен тығыз байланыс орнатуды жоспарлауда. Психологтер де жауынгерлермен жиірек кездесіп, моральдық қолдау көрсетпек.

Сондай-ақ Ұлттық әскери-патриоттық орталығында БАҚ өкілдеріне әскери қызметшілердің жарақаттануы мен қаза болуын азайту үшін іске асырылатын «Өміріңді сақта» бағдарламасы таныстырылды. Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы, генерал-майор Серік Борамбаев бағдарламаны іске асырудың едәуір тиімді жолдарын былай деп түсіндірді:

– Бағдарламаның мазмұны тәжірибеде қолдануға барынша ыңғайлы. Ақпараттық-имидждік блоктан бастап, әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әскери инфрақұрылым объектілерін жетілдіру жөніндегі жұмыстардан заң шығару қызметіне дейінгі алдын алу бағыттарының барлық кешенін қамтыдық. Қазіргі әскер – ашық әлеуметтік институт. Біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын ұстанамыз.

Жалпы, бұл кешенді бағдарламаны даярлауға депутаттық корпустың, Денсаулық сақтау, Жоғары білім және ғылым, Оқу-ағарту, Мәдениет және спорт, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктерінің, сондай-ақ күштік ведомстволардың өкілдері атсалысты. 2022-2025 жылдарға арналған «Өміріңді сақта» бағдарламасы үш кезеңде жүзеге асырылатын болады. Оның нәтижелері 2026 жылғы қаңтарда Қорғаныс министрлігінің бірлескен алқа отырысында шығарылады.

Бұл бағдарламалар – сарбаз атанғандардың сақтығы үшін жасалар шара. Басты мақсат – әскери ортадағы орны толмас шығынды азайту, қоғамның әскерге деген сенімін арттыру.

Бұдан бөлек ерікті түрде ел қорғаны атану маңызды. Сол себепті де әскери борышын өтейтіндерді ынталандыру маңызды. Бұл орайда ҚР Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаева әскерге шақырылған сарбаздар қызметін өтеген соң ҰБТ нәтижесінсіз-ақ еліміздің жетекші жоғары оқу орындарына түсе алатынын айтты. Оның айтуынша, әзірге бұл бастаманы 30 университет қолдады. Қазір жоғары оқу орындары жауынгерлер тегін түсе алатын мамандықтар тізімін дайындап жатыр.

– Айта кетсек, бұл мүмкіндікті әскери қызметі кезінде жақсы көрсеткіштерге ие болғандар пайдалана алады. Жауапты ведомство бұл жаңашылдықты жастарды әскерге баруға ынталандыру үшін енгізген. Бұл орайда еліміздің жоғары оқу орындары әскерде ең жақсы нәтиже көрсеткендерге грант беруге дайын. Әскери академиялар да оларды емтихансыз қабылдайды. Іріктеуді Қорғаныс министрлігі, Шекаралық қызмет және Ұлттық ұлан өкілдері жүргізеді. Бұл тізімге ілікпегендер Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтпей-ақ ақылы бөлімге түсе алады. Қалағандарға осы мүмкіндікті әскери қызметін аяқтаған сәттен бастап екі жыл ішінде пайдалануға рұқсат. Әскери борыныш өтеп келгендер жоғары білімді кез келген мамандық бойынша ала алады. Бұнымен қоса олар жоғары оқу орнындағы әскери кафедрадан тегін білім алады. Сонымен қатар Қорғаныс министрлігі екінші деңгейлі банктермен әскери борышын өтеп жүргендерге несиелік демалыс беру мәселесін пысықтауда, – дейді Айгүл Төлембаева.

Жалпы, күзгі әскерге шақырту маусымында 17 400 жас қамтылмақ. Олардың басым бөлігі Қарулы күштер қатарына және Ұлттық гвардияға қабылданады. Шекаралық қызметке 3 мың сарбаз бағытталады. Үш жүзі ТЖМ, өзге сақадай сай тұрғандары Мемлекеттік қызмет күзетіне тартылады. Ал Қарағанды және Ұлытау облыстарынан 550 бозбала Ұлттық ұлан қатарына қабылданбақ.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,

«QH»