Әскердегі тәртіп пен заңдылық басты назарда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігін тексеру жөніндегі комиссияның жұмыс қорытындыларын талқылады. Тексеру барысында армиядағы бірқатар жүйелі мәселе мен әскери тәртіпке қатысты кемшіліктер анықталған.

Комиссия жұмысының алғашқы кезеңінің қорытындысы бойынша құқық қорғау органдары 13 қылмыстық іс қозғаған. Олар мемлекет мүлкін жымқыру, лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану және Қорғаныс министрлігінің бөлімшелері мен ұйымдарының қызметіндегі өзге де заңбұзушылықтарға қатысты.

Командалық құрамның кәсіби салғырттығына байланысты сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Қазір бес лауазымды тұлға қамауға алынған. Олардың әрекеттеріне түпкілікті құқықтық баға тергеу аяқталғаннан кейін берілмек.

Тексеру әскери тәртіп пен профилактикалық жұмыстарда да кемшіліктер бар екенін көрсетті. Әскери қызметшілер арасындағы жарғыдан тыс қарым-қатынас пен күш көрсетуге қатысты жекелеген фактілер бойынша қылмыстық істер қозғалған.

Президент әскери қызметшілердің қаза болуына кінәлі лауазымды тұлғалардың барлығы заңға сәйкес жауапқа тартылуы қажет екенін атап өтті. Бұл мәселе Мемлекет басшысының жеке бақылауында.

Қасым-Жомарт Тоқаев комиссияға Қорғаныс министрлігінің жаңа басшылығымен бірлесіп, анықталған кемшіліктерді жоюға бағытталған нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар тексеру объективті жүргізіліп, армияның жауынгерлік әзірлігіне кері әсер етпеуі керектігін айтты.

Мемлекет басшысы Қарулы күштерде «Заң мен тәртіп» конституциялық қағидатын қатаң сақтау қажеттігіне ерекше назар аударды.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»