Әскер әлеуетін көрсеткен жаттығу

Қарағанды гарнизонындағы «Спасск» оқу-жаттығу полигонында нұсқаулық әдістемелік сабақ бойынша жаттығу жұмыстары жүргізілді. Сабақ барысында механикаландырылған бригада жеке құрамының ептілігі мен жауынгерлік қабілеті сыналды. Жеке құрам жаттығуларды барынша пысықтап, ауа-райына қолайсыздығына қарамастан жоспарлы дайындықты сәтті жүзеге асырды.

Қысқы кезеңде әскери құрамның мықтылығын анықтаған жоспарлы дайындық жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. БМП-2 жаяу әскер ұрыс машинасының негізгі калибрінен бастап, танкке қарсы және жаяу әскерге қарсы миналарға дейін қолдану туралы нұсқаулар көрсетілді.

— Нұсқаулық әдістемелік сабақ — бұл жеке құрамды жауынгерлік және тактикалық дайындықты оқытудың ең жоғары түрі болып саналады. Жаттығудың мақсаты — нақты ұрыс жүргізуде нысаналарды жою дайындығын көрсету. Былтыр әскери борышын өтеуге келген сарбаздар өздерінің біліктіліктерін шыңдауда. Жаттығу ойдағыдай өтті, — деді бригаданың рота командирі аға лейтенант Сапармұрат Хикматов.

Қуатты әскер — тәуелсіз мемлекеттің қорғаны. Кедергілерден сүрінбей өтіп, санаулы сағаттарын үнемдей білген жеке құрамның психологиялық, физикалық тұрғыдағы әлеуеті жоғарғы деңгейде. Барша қиындықтарды еңсеріп, жетістікке жеткен әскерилерге тәжірибе жинақтау, дайындық жұмыстарын ширату қашанда артық емес.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,

«QH»