ӨСІМІН АЛАМ ДЕП ӨЗ АҚШАСЫНАН ҚАҒЫЛҒАНДАР

Жеңіл ақша жақсылыққа жеткізбейтіні аңқау жұртқа сабақ болар емес. Кезекті мәрте жиған ақшасын арбағандардың қолына беріп, үстеме ақы аламыз деп алданған жұрт тағы да сан соғып қалды. «Литер Капитал 168» компаниясына ақшасын сеніп тапсырған салымшылардың алды 500 мың, соңы 20 миллион теңгеге дейін салған.

Бұл қаржылық ұйым жұрттан алған ақшасын айналымға салып, өздері де пайыздық негізде қарыз берген. Жиғанын молайтпақ болғандарға алғашында айына 23% үстемақысын беріп отырған, кейін 18%-ға төмендетіпті. Ал ақшаңызды доллармен берсеңіз, үстеме ақы 10 пайыздан 6 пайызға дейін. Қаржылық құйтырқылық құрбаны болғандардың қатарында жасы да, қарты да бар. Жасы сексеннің екісіне келген Виктор Столбов «зейнетақымды жырымдап жинап едім», — деп жәутеңдейді. Ондағысы соңғы сапарға аттанарда қаза рәсімінде жақындары ақшадан қысылмасын дегені екен.
— Мен жарнамадан көріп хабарластым. Сіз ақша салсаңыз, айына пайызын беріп отырамыз, қажет кезде негізгі ақшаңызды шешіп ала аласыз, — деді. Сенімге кірді, барлық зейнетақымды, өзімнен де үнемдеп жинап отырған ақшамды салдым. Енді, міне, бес айдан бері қаржымды қайтара алмай отырмын.
Компания иесі бүгінде телефон қоңырауына жауап бермейді. Салымшылар наразылығынан кейін Теміртаудың Шығыс полиция бөлімшесі шағын несие мекемесіне ірі көлемдегі алаяқтық бабы бойынша іс қозғады. Артынша компания кеңсесіндегі компьютерлер мен мөрлер тәркіленген. Компания Қазақстан шағын қаржылық мекемелер тізімінде бар, тек қауымдастықтың олар жайында хабары болмай шықты. Қазақстанның микроқаржы ұйымдары қауымдастығының директоры Ербол Омарханов:
— Шағын несиелік ұйымдар халықтан салым, қарыз алуға құқықтары жоқ. Заңды және жеке тұлғаларға қарыз бере алады, ала алмайды. Мұндай іспен айналысу, заңсыз кәсіпкерлік болып табылады. Соны- мен қатар, бұл істе қаржылық пирамиданың белгілері бар, — дейді.
Ал, салымшылардың қорғаушысы Шырын Әмірғалиева компания өзіне сенім танытқандардан пайызға ақша алып, оны одан да жоғары пайызбен несиеге беріп отырған деп санайды. Бірақ, сол несие алған адамдар кейін компанияға қарыздарын өтемеу оқиғасы көбейген. Осылайша салымшылардың қарызын қайтару қиынға соққан сыңайлы. Қорғаушы бұл жерде арыз жазбағандар қылмыстық істің өрбу барысын аңдап отырып, қосымша азаматтық арыз түсірулері керек деген ұстанымда. Бірақ қылмыстық іс қозғағанша, осы компанияға қарыз адамдарды тауып, ақшаны солардан өндіріп алған тиімді дейді.
Үстеме ақы алып, үнемдеген ақшамның кірісін үдетем дегендердің бірі Зарина Өркенова бұл фирманың беделді болғанына алданғанын айтады:
— Оның беделі жақсы болды. Мен бекерге баз біреудің қолына ақшамды бере салмаймын ғой. Көптен бері жұмыс істеп жатқан соң таныстарымыз кеңес берді. Бұл ломбардқа ақшаларын салып жүрген адамдар да өте көп болатын, барлығы ақшаларын алып жүрді. Осы қыркүйектен бастап ақша төлеуді тоқтатты. Осыдан кейін менің күмәнім артты.
Сотқа аталмыш фирмаға қатысты көптеген азаматтық арыздар келіп түскен. Салымшылар сотта жеңіп шыққанымен, олардың қаржылары қайтарылмапты. Осыдан кейін алданған салымшылар полиция департаментіне де арыз жазды. Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, полицияға 180 адам шағым түсіріпті. Алдын ала болжам бойынша өткен жылы компания тұрғындардан 80 милли- он теңге қаржы салған. Салымшылар берген қаржысы теңгеде болса 18%, басқа валютада 6% үстемақы береміз деген уәдеге сеніп, қомақты қаржыларын салып отырған. Енді бұл іспен Экономикалық тергеу департаменті айналысуда. Ірі көлемдегі алаяқтық бабын, қаржылық пирамида құру және оны басқару бабына ауыстырған.

Бір айта кетерлігі алаяқтардың алшаң басуына көбіне ақшаға келгенде аңқаулық танытар адамдар кінәлі. Олай дейтініміз: өзгенің өткенін өзіне сабақ етпейтіндер көбеюде. Естеріңізде болса, 2016 жылы осындай ақшалық арамза қылықтан бес жарым мың адам зардап шеккен. Ол кезде «Оптовка» деп ойы кеткендер опық жеген. Сол жылы Астана, Қарағанды, Теміртау тұрғындары 2 миллиард теңгелерінен қағылған. Оңай олжаға құныққандардың құрығына түсетіндердің басым бөлігі ақшаңыз бізде жатып өседі, үстеме ақы аласыз деген алдау сөзге арбалады.

Елімізде қаржылық пирамида қызметінің қарқын алуына билікте алаңдаулы. Сол себепті де ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарына мұндай арам ақша айналымындағы алаяқтардың іскерлігі түп-тамырымен жойылсын деген тапсырма жүктеді. Билік ақпарынша 2020 жылы қаржылық пирамидалардан келген шығын 33 миллиард теңгеден асып жығылған. Ондаған адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Дегенмен, әлі де әділ соттың төрелігіне түспей, жасағанынан жалтарып жүрген түрлі ұйым жетекшілері бар. Психологтар пікірінше ақшаның жай жатып өсуіне келгенде адам санасы жеңіл ойлап, ойы тұманданып кетеді екен. Ал маңдай термен тапқан ақшаңды өзгенің алақанына апарып, өзің салудың басты себебі қаржылық сауатсыздық салдары дейді.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,

«QN»