«Сиқырлы бояулар» байқауының қорытындысы жарияланды

Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасы қазақ жазушысы Молдахмет Қаназовтың 80 жылдығына арналған «Сиқырлы бояулар» атты халықаралық кітап иллюстрациялар байқауын ұйымдастырды. Гран-приді Түркістан облысының өкілі Дана Әділхан, бірінші орынды қарағандылық Екатерина Стребкова жеңіп алды.

Байқауға 11 жастан 14 жасқа дейінгі балалар қатысты. Молдахмет Қаназовтың Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақ отбасы асырап алған неміс баласы Чиканың балалық шағы туралы баяндайтын «Чика – Дабылдың ұлы» әңгімесін суреттеу басты шарт болды.

– Барлығы 122 жұмыс ұсынылды. Олардың географиясы үлкен. Біздің байқауға Қазақстанның он өңірінен, сондай-ақ Қырғызстан, Франция, Ресей, Израиль және Германиядан келіп қатысты. Біз үшін бұл өте қызықты әрі пайдалы болды, алғаш рет осындай халықаралық байқау ұйымдастырдық. Осылайша біз балаларды оқуға тартуды шештік. Техникалық шектеу болған жоқ. Жұмысты 13 жеңімпазды таңдаған суретшілер мен иллюстраторлардан тұратын кәсіби қазылар алқасы бағалады. Олардың жұмысынан біз жыл соңына дейін электронды нұсқада буклет жасаймыз. Ол біздің сайтта қолжетімді болады, – деді кітапхана директоры Баян Уатаева.

Байқау жеңімпаздары Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында марапатталды. Рәсімге жазушының өзі де келді.

– Бұл шығарма 50 жыл бұрын жазылған. Бірақ осы уақытқа дейін оқырмандар ұмытқан жоқ. Мен балалардың жұмысын қарадым. Олар керемет, алуан түрлі, түрлі-түсті, әрқайсысының өз көзқарасы бар. Мен әркім өзіне жақын нәрсені салғанын байқадым. Мысалы, бір бала ағаштың қалай отырғызылғанын, екіншісі кітаптың кейіпкері әкесін қалай құшақтайтынын салды. Басқа елдерден келген оқырмандар бар екеніне қуаныштымын, – деп атап өтті Молдахмет Қаназов.

Байқаудың бас жүлдесін Түркістан облысының өкілі Дана Әділхан жеңіп алды. Бірінші орынды қарағандылық Екатерина Стребкова иеленді. Екінші орынды Ангелина Гнездилова (Қарағанды) және Эрика Майер (Қостанай), ал үшінші орынды Ольга Лукичева (Қостанай) және Вероника Шмидт (Қарағанды) бөлісті.

Сондай-ақ үздік жұмыстар әр түрлі номинацияда аталып өтті.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды. Барлық қатысушыға сертификат табысталды.

Арман АБИЛҚАСЫМОВ