Сиқырға толы мереке: Облыс әкімінің шыршасы 200 балаға мереке сыйлады
Қарағанды облысы әкімінің жаңа жылдық шыршасы өңіріміздің 200 баласына үлкен қуаныш пен естен кетпес әсер сыйлады. Президент атынан өткізілген шараға облыстың түкпір-түкпірінен келген кішкентай қонақтар жиналды.
Балаларға арналған мерекелік қойылым
Мерекеге балалар үйлері мен мектеп-интернаттардың тәрбиеленушілері, мүгедек балалар, аз қамтылған отбасылардың балалары, сондай-ақ оқу үздіктері мен жарыстар жеңімпаздары қатысты. Олар «Қош келдің, жаңа жыл» атты театрландырылған ертегі қойылымын тамашалап, ертегі кейіпкерлерімен бірге қызықты оқиғаларға сапар шекті. Алдар Көсе мен ертегі кейіпкерлерімен бірге зұлым қарақшыларды қуып, сиқырлы саяхатқа аттанып, ойындар мен билерге қатысты.
Жаңа жылдық атмосфера мен шығармашылық
Шара барысында лазерлік шоу ұйымдастырылып, Аяз Ата мен Ақшақардың қатысуымен шыршаның шамдары жағылды. Балалар жаңа жылдық кейіпкерлермен бірге 2024 жылдың нышаны – Ұлудың эстафетаны Көңілді жыланға беруін тамашалады. Қатысушылар мерекеге ерекше сәнді костюмдермен келген: қар бүршіктері, ханшайымдар, батырлар, құтқарушылар, сиқыршылар мен мушкетерлер сияқты түрлі бейнелерді сомдады.
Әкімнің жылы лебізі
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев балаларды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, жүрекжарды тілегін жеткізді:
– Бұл мереке әрқайсыңызға ертегіге сенім мен жарқын естеліктер сыйласын. Сіздер – болашағымыздың басты кейіпкерлерісіздер. Біз ересектер сіздерге әрқашан қолдау көрсетіп, жаңа жетістіктерге жетуге көмектесеміз. Жаңа жыл жаңа армандар мен мүмкіндіктер уақыты болсын, – деді ол.
Сыйлықтар мен тосынсыйлар
Мерекенің әрбір қатысушысы сыйлықтарға ие болды. Балаларға тәттілер жиынтығынан басқа ұялы телефондар, энциклопедиялар және рюкзактар табыс етілді.
Балалардың қуанышы
Шахтинск қаласынан келген Вероника Марченко шарадан алған әсерлерімен бөлісті:
– Бұл керемет және сиқырлы болды. Биыл көптеген олимпиадалар мен байқауларға қатысып, табыстарға жеттім. Алдағы жыл одан да жақсы болады деп үміттенемін, – дейді ол.
Теміртаудан келген егіздер Богдан мен Глеб Вайсбейн мерекелік шараға қатысып, өз қуаныштарымен бөлісті. Олар облыстың үздік оқушыларының қатарында және химия мен физика пәндерінен олимпиада жеңімпаздары.
– Мұндай мерекеге бірінші рет қатысып тұрмыз. Бізді шақырған кезде қатты қуандық. Гангстер маскасын кидік, бірақ өте мейірімдіміз. Алдағы Жаңа жыл қарсаңында баршаңызға бейбітшілік пен жақсылық, зор денсаулық және махаббат тілегіміз келеді, – деп құттықтады оқу үздіктері мерекемен.
Мерекелік шоу-бағдарлама соңында балалар үшін арнайы дастархан жайылып, күн көңілді әрі есте қаларлықтай аяқталды. Бұл шара балалардың жүрегіне қуаныш сыйлап, олардың жаңа жылды ерекше қарсы алуына себепші болды.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»