ҮШЖАҚТЫ КЕЛІСІМ – ӘРІПТЕСТІК НЕГІЗІ
Қарағанды облысының әкімдігі, кәсіподақ бірлестіктері мен жұмыс берушілер қауымдастықтарының басшылары арасында үшжақты келісім жасалды. Келісім 2024-2026 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестікті көздейді. Құжатта халықты жұмыспен қамтуға, лайықты еңбек жағдайын жасауға және еңбекақы төлеміне барынша басымдық берілген.
Биыл 2021-2023 жылдарға арналған келісімнің қолданылу мерзімі аяқталады. Бұл жолғы жаңартылған құжатта жұмыс тобы жеке міндеттемелерді нақтылады. Мәселен, ауылдық елді мекендерде және аудан орталықтарында тұрып жұмыс істейтін мемлекеттік білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, ветеринария, спорт ұйымдарының мамандарын әлеуметтік қолдауға қатысты қосымша пункттер қабылданды.
– Өндірістік қауіпсіздікке назар аударамыз. Біздің ойымызша, ешкім өзін, бала-шағасын асыраймын деп жұмыс орнында өлмеуі керек. Еңбек адамның өліміне немесе мүгедек болып қалуына себеп болмауы тиіс. Оның денсаулығына зиян тигізбеуі керек. Әрбір басшы мен қызметкердің санасына өндірістік жарақаттанудың өсуіне және соның салдарынан үлкен адами, сондай-ақ қаржылық шығындарға ұшырағаннан гөрі төтенше және штаттан тыс жағдайлар кезінде өндірісті тоқтата тұру тиімдірек екенін жеткізуіміз керек, – деді Қарағанды облысының Кәсіподақ орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Болат Жұмабеков.
Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы бақылауды қамтамасыз етуге және әлеуметтік еңбек дауларының, жанжалдар мен ереуілдердің алдын алу және шешу жөніндегі іс-шараларға қатысты толықтырулар енгізілді. 2021-2023 жылдары жұмыс комиссиясы 47 отырыс өткізген. Еңбек қатынастарының, дау-жанжалдардың алдын алу жөнінде 82 мәселе қаралыпты. Ал Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекбаев келісім комиссиясына жұмысы үшін алғыс айтты. Әрі аймақ басшысы меморандумның маңыздылығына баса тоқталды.
– Қабылданатын келісім жұмыс берушілер мен қызметкерлердің еңбек өнімділігін арттыруға, денсаулығын сақтауға және сауықтыруға, өркениетті және әлеуметтік тұрғыда бағдарланған әріптестік қатынастар құруға, тұрақты жұмысты, жалақыны, ертеңгі күнге деген сенімді және қоғамдық келісімді қамтамасыз етуге ортақ жауапкершілігін күшейтуге бағытталуы тиіс. Тараптар назарын келісім міндеттемелерін қабылдау және оларды орындауға жауапкершілікті арттыру керегіне аударғым келеді, – деді ол.
Келісімде тараптар әлеуметтік әріптестік, экономикалық және әлеуметтік саясат, халықты жұмыспен қамту, еңбекке қолайлы жағдайлар жасау және еңбекақы төлеу саласындағы өзара іс-қимыл жөніндегі міндеттемелерді қабылдайды.
Өңірлік (облыстық, қалалық, аудандық) келісімнің күші жергілікті атқарушы органдарға, жұмыс берушілерге, қызметкерлерге және олардың облыс аумағында жұмыс істейтін ұйымдары мен кәсіпорындарының өкілдеріне қатысты қолданылады. Облыстық деңгейдегі келісім Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген меншік иелері, құрылтайшылары (қатысушылары) немесе акционерлері шетелдік азаматтар немесе шетелдік заңды тұлғалар, не шетел қатысатын заңды тұлғалар болатын ұйымдарға, сондай-ақ облыс аумағында жұмыс істейтін шетелдік заңды тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктеріне де қолданылады.
Еңбек заңнамасына орай келісім құқықтық акт болып саналады. Облыстың Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, әлеуметтік әріптестер арасындағы осындай үшжақты келісімдер облыстың барлық қаласы мен аудандарында жасалатын болады.
Жанбота БЕЙСЕНБАЙ,«QH»