Шын шеберлер форумы

«Достық» үйінде Қарағанды облысы қолөнершілерінің  І облыстық  форумы өтті. Іс-шараны өңірлік кәсіпкерлер палатасы, Іскер әйелдер қауымдастығы, ҚХА Аналар кеңесі ұйымдастырды. Форум аясында атадан қалған асыл  мұраны сақтап, ізін жалғап келе жатқан шеберлер өз жұмыстарын ұсынып қана қоймай, өзара тәжірибе алмасып, саланың даму бағыттарын талқылады. Халық көптен күткен іс-шарадан аңғарылғаны тұтынушы тарапынан сұраныстың бар екені.

«Қол өнері — қазақтың төл өнері» деп тегін айтылмаса керек. Оюынан ой оқып, сырмағынан салт-дәстүрін танытқан қазақ халқы үшін инеге іліккенді игілікке тұтыну,  темірден түйін түйіп, барды ысырапсыз  кәдеге жарату тән қасиет. Бұл бағытта  қазақтың ұлттық кодын сақтаудың кепілі ретінде қолөнершілікті жандандыру аса маңызды. Аймағымызда алғаш рет өтіп отырған  І облыстық форум бұл салаға көзқарастың оң екенін  аңғартқандай.

Шара аясында алаңға қойылған көрмелік жәдігерлер көздің  жауын алады. Мұндағы әрбір дүниенің, әрбір бұйымның, қандай шеберлікпен, қандай еңбекпен жасалғаны сезіледі. Әрине заман талабына сәйкес бұл мұраны жастарға жаңа бағытта ұсынып, оны дамытуды кәсіпкерлікпен ұштастыру қажет. Осы тұста  қолөнершілікті үйреніп қана қоймай одан әрі ол арқылы табыс табуға да қолдау бар. Өздеріне деген демеудің барын сезінген шеберлер  аймақтық шараға өз жұмыстарын ұсыну үшін Балқаш, Приозерск, Ақтоғай, Осакаров, Бұқар Жырау, Шет аудандарынан арнайы келген. Бірінен бірі асқан  һас  шеберлер көрмеге  ұлттық киімдер, қазақ ою-өрнектерімен кестеленген көрпе-жастықтар, қыш ыдыстар, музыкалық аспаптар, тұрмыстық бұйымдары және зергерлік  әшекей бұйымдар әкелген. Алаңға қойылған  көне бұйымдардан бөлек , ұлттық құндылықтарға  сай     ұлттық нақышта киінген шеберлер көрменің көркін қыздыра түсті. Өнерліге өріс кең  демекші шеберлердің бірі қарапайым байлам, орамал мен кимешек жасайды. Деседе оны тұтынушының таңдауына сәйкестендіріп, заманауй үлгіде жасап трендке айналдырған.

Үйде отырып кірісін молайтып, ісін ілгерілеткен ханымдардың көпшілігі  қолөнермен айналысуды жай хобби ретінде бастағандар. Ал шындығына келгенде олардың бірі мұғалім болса, бірі заңгер, бірі бала тәрбиесімен үйде отырған ана. Іштерінде сүйікті хоббиін өмірлік кәсіпке айналдырғандары басым.

Шеберлердің басты құпиясы сол, олар көне құндылықты бүгінгі күн талабымен ұштастыра білген. Ал креативті индустрия — экономиканы дамытудың басым бағыттарының бірі болып табылады. Осы себепті қазіргі заманғы шығармашылықтың бастауында ата-бабалардан мұра болып қалған асыл қасиеттер жатыр. Бастысы  әр шебердің өзі жасайтын туындысына деген бірегей дүниетанымының болуы шарт. Сондықтанда болар форумдық  көрмеге қойылған түрлі қолөнер туындыларының сан алуандылығы байқалады.

Форумға қатысушылардың әрқайсы өзіндік тұтынушылық базасы қалыптасқан танымал жандар болсада білгенім бір тоғыз, білмейтінім тоқсан тоғыз деп өзара тәжірибе алмасты. Сол үшінде арнайы шеберлік шыңдау дәрістері ұйымдастырылды.Сондай-ақ, өз ісін дамытып және ілгерілетем дегендер  үшін пайдалануға болатын мемлекеттік бағдарламалар туралы айтылды. Шараға қатысушылардың барлығы арнайы алғыс хаттармен марапатталды.

Әсел   ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,

«QH»