Шығармашылық ойлар галереясы
Студенттік жылдар кенеп бетінде көрініс тапқан. Қарағандыда жоғары оқу орнының студенттері шығармашылық идеяларын паш етіп, көрме өткізді. Қылқалам шеберлігіне әуестенген жастардың шығармашылық сезімі мен көрме өткізудің олар үшін маңыздылығы айтылды.
Наталья Максяткина – суретші. Бүгін ол группаластарымен бірге суретшілік бағыттағы шығармашылығы мен қарым-қабілетін паш етті. Жас суретші көрмеде өзінің «Зевс» деп аталатын картинасын ұсынды. Суретшінің айтуынша, мұндай көрмелер өз туындыларын көпшілікке танытып, шығармашылығынды өзгеге ұсынуға мүмкіндік береді.
– Мен картинамда Зевсты кескіндедім, майлы бояуда салынған шығарма. Бұл туындыны әзірлеуге шамамен екі аптадан артық уақыт кетті. Мен сурет өнер мектебін тәмамдадым. Картинамда классиканы бейнелегенді жөн деп санадым. Сондықтан Зевс бейнесін кескіндедім, – дейді көрмеге қатысушы Наталья Максяткина.
«Шығармашылық идеялар галереясы» атты көрме облыстық бейнелеу өнері музейінде ашылған. Көрмеге Қарағанды техника-құрылыс колледжінің студентері өнерлерін ұсынып, ұтымды еңбектер көз тартуда. Бұл көрме студенттер жетістігін айқын көрсетіп, жас суретшілердің қарым-қабілетін де сипаттай түсері сөзсіз. Әсел Сапарованың айтуынша, бұл көрме балалардың еңбегін паш еткен алғашқы қадам және алдағы уақытты студенттер өнерін осылайша таныстыру шарасы жалғасын таппақ. Көрмеге қойылған туындылар мазмұны сан алуан, тарих әдет*ғұрып дизайнерлік заманауи технологиялар көмегінен әзірленген еңбектер біршама. Көрмеге 43-тен астам картина және 15-тен астам емтихандық жоба қойылыпты. Жұмыстардың жалпы саны жүзден асады. Көрме 2 наурызға дейін сурет шығармашылығына көз сүйсіндірер көрермен назарында. Сондықтан да кез келген адам келіп, жас суретшілердің туындыларын тамашалай алады.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»