Шулы дыбыс кәсіби сырқаттың санын арттырды

Қарағанды облысында өнеркәсіптік кәсіпорындарда 2022 жылдың 9 айында есту қабілетінің төмендеуімен сырқаттанудың 57 жағдайы тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 31 жағдайға көп. Мұндай сырқаттану түсті металлургия саласында 16 жағдайға және көмір өнеркәсібі саласында 15 жағдайға өскен. Бұл жағдайлар неліктен орын алуда? Дыбыстан денсаулыққа келер залал турасында Қарағанды облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандарының пікіріне жүгіндік.

Бас ауруы, есту қабілетінің нашарлауы, невроз сынды сырқаттардың туындау себебі шулы дыбыстан да болуы мүмкін. Ал қазіргідей заман дамыған шақта өндіріс өркендеп, тетікпен игерілер жұмыстар қатары молаюда. Бірақ тыныштық азайғандай. Біз дыбыстар мен шулардың арасында өмір сүруге дағдыланып кеткенбіз, яғни урбанизацияның өсуімен шу біздің тұрақты серігімізге айналды. Ол сондай-ақ қалалық ортаның маңызды ластаушысы ретінде танылады және оның көздері ішкі және сыртқы болуы мүмкін. Ал кәсіпорындардағы шудың туындауына бірнеше себеп бар, олар: технологиялық процестердегі кемшіліктер, машиналар мен жабдықтардың құрылымдық кемшіліктері. Тағы бір себеп – жұмысшылар жеке қорғаныс құралдарын пайдаланбайды.

Шудан біз үйде де құтыла алмаймыз: ол аппаратурадан, тұрмыстық техникадан, егер жөндеу жұмыстары жүргізілсе, құрылыс құралдарынан келеді. Үйден шыққаннан кейін біз кварталдық шуды (көшедегі көптің жүрісі, көліктер зуылы, ойнаған, айқайлаған балалар) сезінеміз. Сыртқы шудың көзі болған көліктер қатары да күн санап артуда. Автобустар, автомобильдер, ауыр жол техникасының даусы ағзаға да әсер етеді. Бұл – бас ауруын тудыруы мүмкін және бас ауруы көбінесе үйлері автожолдар мен теміржолдарға жақын орналасқан адамдарға әсер ететіні дәлелденді.

Егер адамдар шу деңгейі жоғары жерде жұмыс жасаса, шу орталық жүйке жүйесінің жұмысына әсер етеді. Қарқынды шу адамға бірқатар өзгеріс әкеледі, атап айтқанда: қан қысымы көтерілуі мүмкін, импульс жиілеуі немесе баяулауы мүмкін. Бұл әсерлердің тізімі жүйке жүйесінің ауруларымен жалғасады, олар: неврастения, невроз, сезімталдықтың бұзылуы. Соңында адамның назары әлсірейді, ал оның нәтижесі қайғылы болуы мүмкін, яғни еңбек өнімділігі төмендейді. Шудың тағы бір ерекше әсері – есту қабілетінің өзгеруі. Сол себепті Қарағанды облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті дауыстарға қатысты барлық лабораторлы-инструменталды зерттеулердің дер шағында жүруін қадағалайды. Кәсіпорындардағы шу дыбысы шектен шығып, тиісті нормалық межеден асса, әкімшілік шара ретінде нұсқаулық беріледі. Және кәсіби сырқатқа себеп болар ол бөгде дыбыстарды болдырмауды қадағалайды. Айналадағы шуды толығымен тыю мүмкін емес, бірақ оның туындау көзін де және таралу жолын да азайтуға болады. Сонымен қатар мұндай әдістер әрдайым шуды санитариялық нормалармен реттелетін деңгейде сақтауға мүмкіндік бермейді. Сондықтан шудың әсері бар жерде еңбек режимін оңтайлы ету аса маңызды.