Шомылу маусымы

Қарағанды облысында шомылу маусымына дайындық басталды. Облыста суда құтқару жұмыстарын жүргізу үшін 10 мобильдік топ дайындалды, қоғамдық құтқарушылар да тартылуда. Шомылу маусымына дайындық туралы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мұрат Қатпанов аймақ әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте баяндады.

1 мамырдан бастап ТЖД халықпен және су пайдаланушылармен ауқымды профилактикалық жұмыс жүргізеді. Полициямен бірлескен рейдтер, суайдындарды патрульдау, жадынамалар табыстап, халықпен әңгімелер, жалпы мектептік желілер, балаларға арналған интерактивті сабақтар және ата-аналар чаттарында судағы қауіпсіздік ережелері таратылады.

– Суда құтқару жұмыстарын жүргізу үшін 10 мобильді топ дайындалды. Олардың құрамында 100-ге жуық адам, 20 техника және 25 жүзу құралы бар. Шомылу маусымы басталғанға дейін қалалар мен аудандардың әкімдіктері тағы 110 тыйым салу белгісін орнатуды жоспарлап отыр, – деді Мұрат Қатпанов.

Өткен жылы облыста сегіз коммуналдық жағажай құрылды. Тағы жеті ұйымдастырылған жүзу орнын іске қосу жоспарланған: бір-бірден Қарағанды мен Теміртауда, үшеуі Осакаровка ауданында және екеуі Қарқаралы ауданында.

Атап айтқанда, бүгінде облыс орталығында Федоров суқоймасының аумағында екі коммуналдық жағажай жұмыс істейді. Биылғы жылы тағы бір учаскені дайындау көзделген: аңғар беткейді тегістеу, жағалауды ретке келтіру, қажетті белгілер орнату және құтқарушылар тарапынан бақылау жоспарланған. Федоров суқоймасында бес жеке демалыс аймағын ашу жоспарда бар. Көгілдір тоғандарда тағы бір коммуналдық жағажай ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде.

Судағы қауіпсіздік үшін қажетті жабдық сатып алуға қаражат бөлінді: дауысзорайтқыштар, бақылау мұнаралары, ақпараттық баннерлер және т.б.

Мансап орталықтары арқылы 70-ке жуық қоғамдық құтқарушыны тарту және оқыту жоспарлануда.

– Аудандар мен қалалардың әкімдері коммуналдық жағажайлар құру процестерін жеделдетіп, оларды су қауіпсіздігі ережелерінің талаптарына сәйкес дайындауы керек. Біз бұл бағытта қарқынды жұмыс істеуіміз қажет. Қауіпсіздік ережелерін бұзатын жаппай демалыс аймақтарының ашылуына жол бермеу керек. Аудан әкімдері бұл мәселені тікелей бақылауда ұстауы тиіс, – деп ескертті облыс әкімі Ермағамбет Бөлекбаев.

Құралай КӨБЕНОВА,«QH»