«Школьникте» шылым, шарап сатылады

Қарағанды қаласы — тоқсан жылға тақау тарихы бар, Орталық Қазақстандағы ғана емес, еліміздегі ірі қалалардың бірі. Соңғы 3–4 жылдың ішінде қала құрылысы қарқынды жүріп, жаңа үйлер мен ғимараттар бой көтеріп келеді. Әрине, Қарағанды қаласында көптен тұратын тұрғындар сөз болғалы отырған кемшіліктер мен олқылықтарды күнделікті көріп, естіп жүргендіктен аңғармайды. Қалаға жаңадан көшіп, қонаққа келген кісілер бірден аңғарады. Менің көшіп келгеніме екі жылдан жаңа асты. Келген кезде көпке дейін үйрене алмай жүрдім. Зейнеткер болғандықтан қалада көп жүрмеймін, үйдің маңайындағы, жүрген жерімдегі көргенімді жазайын.

Пәтерді балалар «Школьник» аялдамасының маңынан алды. Алғашқы кезде түсінбей жүрдім, «остановка «Школьник» деп орысша хабарлайды кондуктор, басқа ештеңе айтпайды. Автобустан түсем де, үйге келемін. Бір күні балалардан сұрадым: «Аялдама неге «Школьник» аталады?» — деп. «Аялдамадан алға қарай жүрсең сондай сауда үйі бар, сол үшін атаған», — деді. «Школьник» деген атауына қарағанда, балалардың ойыншықтары, оқушылардың оқу-жазу құралдары, ертегі кітаптар сататын сауда үйі екен деп барсам, баяғы сол арақ-шарап, шылымнан бастап бәрі бар екен. Атына заты сай емес. Әрине, жекеменшік болғасын өз еріктері қалай атаса да.

Аялдамадан артқа қарай жүрсең «Тамаша» деген дүкен бар. Кіреберіс есігіне жұмыс кестесін іліп қойыпты. Көзім түсіп кетіп еді, мынадай масқараны көрдім: аптаның жеті күнінің екеуін жоғалтып алыпты. Дүйсенбі мүлдем жоқ, екі сейсенбі бар, жұма «жұмалық» болып кетіпті, суретте анық көрінеді.

Біздің үйден бір аялдама жерде «Медучилище» аялдамасы бар. Айналайындар-ау, училищені колледж қылғандарына он жылдан асты, өзгертуге болмай ма?

Автобусқа отырсаң неше түрлі аялдаманың атауын естисің және, негізінен, орысша хабарлайды. «Остановка сорок пятый», кей кезде құр «сорок пятый» дейді, түсініп көр. Қырық бес екенін түсінесің әйтеуір, не қылған қырық бес, біреудің есімі ме, үйдің нөмірі ме, әлде біреудің киімінің размері ме — түсініксіз. «Қырық бесінші орам аялдамасы» десе, түсінікті ғой.

«Станиславский аялдамасы» дейді, «Станиславский атындағы театр аялдамасы» деп толық атау керек қой. Тағы бір байқағаным — көптеген аялдамада аялдаманың атауы, автобустардың қандай бағытта өтетіні және жүру интервалы туралы ақпарат жазылмаған.

Оңтүстік- Шығыс шағын ауданында Мұқанов көшесі және аялдамасы бар. Анықтап сұрасам — қазақ әдебиетінің классигі, жазушы- академик, қоғам қайраткері Сәбит Мұқанов атамыздың атындағы көше және аялдама, неге толығымен атамасқа?

Бір ескеретін жағдай — қазақ тарихында ойып тұрып орын алған тұлғалар өте көп, солардың ішінде халық есінде есімі мен тегімен және жалғыз есімімен есте қалғандар бар. Көптеген аялдаманың атауы ескірген, жаңартуды талап етеді. Кейбір аялдамаға атауы берілген мекемелер жабылған, коммерциялық нысандардың иесі өзгерген соң, атаулары да өзгерген.

Мынадай бір ұсыныс бар, қала тұрғындары қолдайды деп ойлаймын. Атаулары ескірген, әсіресе қала орталығына жақын аялдамаларға қаламызға еңбегі сіңген еңбек ардагерлерінің және белгілі тұлғалардың есімін беріп, аялдамаға сол кісілердің өмірбаянын, қаламызға сіңірген еңбегі туралы жазып қойса, жолаушылар аялдамада тұрғанда оқып, танысып тұрар еді. Бұндай жақсы тәжірибе бар, әдеби аялдамалар әр жерде қойылған. Осындай олқылықтар түзелсе, қаламыз көркейіп, тоғыз жолдың торабында тұрған Қарағандыға келген қонақтарға жақсы әсер қалдырушы еді.

Сәкен Сәбиденұлы Келдібаев,

зейнеткер