Шина зауыттың шаруасы қашан дөңгелейді?

Былтыр жыл соңында Қарағанды облысында ауыз толтырып айтарлық үлкен жаңалық орын алғанды. Қарағанды дейміз-ау, күллі Республика үшін айтулы жаңалық – «KamaTyresKZ» шина зауытының ашылуы болды десек, артық айтқандық емес. Үлкен өндіріске старт берілгелі бір айдың мұғдары болып қалыпты. Осыған орай, кәсіпорын жұмысы мен әлеуетіне шолу жасауды жөн көрдік.

Бұрын Саранның іргесіндегі «РТИ» қалашығы туралы сөз болса, жұрт үрке қарайтын. Олай болар жөні бар. Кеңестік кезеңнің соңғы жылдарында мұнда Резина-техникалық бұйымдар зауыты ашылып, дүркіреп тұрды. Зауыт қызметкерлері үшін баспаналар тұрғызылып, әп-әдемі даму байқалғанды. Ал, тоқырау жылдарында кәсіпорын банкротқа ұшырап, ел үдере көшті. Қаңырап қалған үйлер ақырзаманды еске салып, көңілді құлазытатын. Дамуы кері бағытқа қарай бұрылған шағын аудан енді қайтып түлеместей де болып көрінгенді. Сөйтсек, бекер екен. Бірнеше жыл бұрын мұнда индустриялық алаң құрылып, өндіріс жанданды. Бірнеше кәсіпорын қазық қақты.  Екі жыл бұрын «QazTehna» машина жасау зауыты іске қосылып, мерейімізді асырып қойып еді. Ал, 2022 жылдың желтоқсан  айында «KamaTyresKZ» шина зауытының конвейерінен алғашқы дөңгелек алынды. Бұл қуанышты шараға Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Татарстан Президенті Рустам Минниханов, облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, «Татнефть» ЖАҚ бас директоры Наиль Маганов және «Allur» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев қатысқанын болатын.

Жаңа зауыт Ресей Федерациясы құрамындағы Татарстан Республикасымен арадағы әріптестік байланыстың жемісі екен де айрықша атап өткен жөн. Яғни, бауырлас Татар елінің «Татнефть» пен қазақстандық «AllurTyres» компанияларының ортақ алаңы.

Жобаға 171 млрд. теңге инвестиция тартылған. Құрылысы 2021 жылдың сәуір айында басталып, небәрі 16 айдың ішінде алғашқы өнімін ұсынып үлгерді.

Негізі зауыт жылына 3,5 миллион шина өндіруге қауқарлы. Әзірге толық қуатын пайдаланып отырған жоқ. Жоспар бойынша, биыл жыл ортасында толық қуатта жұмыс істеуі тиіс. Ол үшін ең алдымен білікті де білімді кадр қажет. Қазіргі таңда зауытқа жұмысшылар тарту бағытында ауқымды шаралар іске асырылуда. Жұмысқа орналасуға ниет білдірген азаматтар Ресейдің Нижнекамск қаласында немесе өзіміздің Саранда тағылымдамадан өтеді.

«Бұл, былайша айтқанда, мамандыққа кіріспе. Біз мысалы қарапайым құрлысшыны дөңгелек жөндеушіге айналдырамыз. Ол негізгі түсініктерді алғаннан кейін біз оны Татарстанның Нижнекамск қаласына тәжірибеден өтуге жібереміз. Тәжірибеден өтуге жіберген кезде тамағы мен жол ақысына 140000 тг төлейміз. Жатақхананы тегін беретіндіктен, тасымалдау да компания есебінен болады», — дейді «Kama TypesKZ» ЖШС кадрлар бөлімінің маманы Кенже Тұңғышбаева.

Облыс бойынша барлық қалада кадрларды іріктеу бар. Бос жұмыс орын табылысымен өтініш берушілер қабылданып, Саран гуманитарлық-техникалық колледжінің базасында 3 апта бойы оқытылады.