Шеберлікте шек жоқ

Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінде суретші, зерттеуші, өнер қайраткері және ҚР Суретшілер одағының мүшесі Евгения Казакованың «Ғарыш дыбыстары: жанасу арқылы аян» атты көрмесі өтуде. Ол келушілерді сезу өнері арқылы ғарыш пен дыбыстар әлеміне бірегей саяхатқа шақырады.

Көрмеде көру қабілеті нашар және зағип суретшілер жасаған керамикалық тактильді картиналар, туындылар мен өнер нысандары ұсынылған. Бұл көрме зағип жандар үшін өнердің не екенін зерттей отырып өнер әлемін түсіну, тану үшін тактильді жәдігерлердің маңыздылығын көрсетеді. Ол сезімдерді, әсерлерді, армандар мен тілектерді талқылауға шақырады, өнер мен жалпы әлемді түсіну мен қабылдаудың жаңа мүмкіндіктерін береді.

– Былтыр маған «біз көру қабілеті бұзылған адамдарға өнерді қалай жеткізе аламыз, осы сезімдерге қалай жақындата аламыз?» деген ой келді, өйткені өнермен араласу өте маңызды, өмір сүру сапасы жақсарады, денсаулығымыз жақсарады, яғни өнерде өмір сапасына әсер ететін көптеген фактор бар. Сондықтан қызығушылық болды. Бұл қызығушылық мені қатты баурап алды, сондықтан біз осы көрмені дайындадық. Бұл – барлық санаттағы адамдарға қолжетімді өнер жасау жолында болған ойлар мен ізденістердің нәтижесі. Көрмеге 13 кенеп, 10 мүсін және 5 тактильді жалпақ картина қойылған. Көрмеде тактильді экспонаттар ұсынылған, яғни 8 адамнан тұратын команда. Біз осы жобамен екі ай жұмыс істедік, музыкалық трек жасап, тактильді картиналар, мүсіндер жасап шықтық. Қолмен ұстап көруге, авангардтық өнер әлеміне енуге болады. Сонымен қатар қатысқан 12 адам көру қабілеті нашар және зағип жандар болды. Біз жұмыс процесінің техникасын жасадық, соның арқасында олар «Ақ кеңістік» деп аталатын сурет салды, өйткені көрме – ақ кеңістік. Және олардың бояу әсерін кенепте біздің суретшілердің көмегімен жеткізудің бірегей мүмкіндігі болды, біз олардың көздері мен қолдары болдық және олардың барлық әсерін кенептерге салдық, – дейді Евгения.

Евгения Казакованың жобасы және басқа авторлармен біріккен көрмелік жұмысы зағип және көру қабілеті нашар жандарды ғарыш пен дыбыстардың авангардтық әлемімен таныстырып қана қоймай, жалпы қоғам үшін осындай кездесулердің маңыздылығын атап өтуге арналған. Бұл – қоғамның әр түрлі тобын байланыстыратын көпір, сонымен қатар оның барлық мүшесі үшін мәдени оқиғалардың инклюзивтілігі мен қолжетімділігінің маңыздылығын ескереді. Әрбір келушінің қабілетіне қарамастан дыбыс және сезу қасиеті арқылы өнермен диалогке түсуге мүмкіндік береді, осы арқылы экспозиция толерантты және өзара түсіністегі қоғам қалыптастыруға көмектесетін идеялар мен эмоциялар алмасуды ынталандырады.

– Бұл өте қызықты, жоба біздің ішкі дүниемізді ашып, оны көретін адамдарға жеткізуге мүмкіндік берді. Біздің жұмысымыз – эмоциялар мен сезімдер, толық абстракция. Менің суретім жарқын болды: адамдарға өмірдің әдемі екенін жеткізгім келді, әр сәттен ләззат алу керек. Мен кішкентай кезімде 6 жасқа дейін біраз көрдім. Анам гуашь, май, акварель сатып алды, сол кезде сурет салатынмын. Содан кейін тек брайльмен сурет салдым, бұл жоба мені балалық шағыма қайтарды, – деп бөлісті қатысушылардың бірі, №1 көру қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы мектеп-интернаттың тәрбиешісі Екатерина Әбішева.

Евгения Казакованың «Ғарыш дыбыстары: жанасу арқылы аян» жобасы The British Council қолдауымен жүзеге асырылды.

Ерекше көрменің ашылуына Қазақстандағы The British Council директоры Роберт Тейлор арнайы келді.

– Өнер бүкіл әлемдегі адамдарды біріктіреді. Инклюзия өте маңызды. Бұл – менің мұндай тактильді көрмеге бірінші рет келуім. Көрмеге келгеніме және керемет жұмыстардан ләззат алғаныма өте қуаныштымын, – деп атап өтті ол.

Сонымен қатар мұражайда жобаға қатысушылар туралы фильм көрсетіліп, музыкалық рефлексия сессиясы ұйымдастырылды.

Алматылық музыкант Владимир Евсюков өткізген музыкалық рефлексияның мақсаты – музыканы қабылдау туралы түсінікті кеңейту және көрерменнің музыка тыңдау дағдыларын жақсартуға көмектесу. Кездесу барысында мысалдар келтіріліп, музыканы тыңдау тәсілдері, музыканы тыңдауға алдын ала дайындықтың маңыздылығы туралы айтылды. Владимир музыка мен эмоциялық күйдің өзара әсері туралы әңгімеледі, грув пен әуен ұғымдары туралы айтты, олардың маңыздылығын атап көрсетті және тыңдаушыларды интерактив арқылы The Tuning Meditation тұжырымдамасымен таныстырды.

«Ғарыш дыбыстары: жанасу арқылы аян» көрмесі 16 маусымға дейін жалғасады. Содан кейін жұмыстардың көпшілігі көру қабілеті бұзылған балаларға арналған №1 арнайы мектеп-интернатына қойылады.

Құралай КӨБЕНОВА, «QH»