Шебер туралы естелік

Облыстық бейнелеу өнері музейінде Павел Кунинге арналған «Шебер туралы естелік» атты фотокөрме өтті. Көрме «Қарағанды» фотоклубының қайта қалпына келтірілген және толық жаңартылған бастамасымен ұйымдастырылды.

Қазақстанның Суретшілер және сәулетшілер Одағының мүшесі, Павел Куниннің досы әрі үзеңгілесі Владимир Троценко өз ойларын қылқалам шеберлеріне тән мәнерде жеткізеді. Алайда оның туындыларындағы көрнекі әсері кез-келген адамға түсінікті. Әйел бейнесі, митрополит портреті, табиғат көрінісі немесе мерекелік плакат – әр жұмыс ностальгиялық тартымдылықпен көмкерілген, уақытпен үндескен жылы әсер сыйлайды.

– Бұл қарапайым фотосурет емес. Ол алдымен өзін түсіріп, кейіннен суретті өңдеу барысында әртүрлі өзгеріс енгізеді. Нәтижесінде, классикалық фотографиядан гөрі шығармашылық мәні бар ерекше жұмыс пайда болады. Ол кейде графикалық әсер алу үшін арнайы маскалар қолданады, кейде фотосуретті үлкейткіштің астында саусақтарымен түзетіп, оған өзіндік қолтаңбасын қалдырады. Осылайша, әрбір сурет тек объективтің көрінісі ғана емес, сонымен қатар автордың шеберлігі мен қиялының үйлесімінен туған өнер туындысына айналады, – дейді суретші Владимир Троценко.

Бүгінгі күнге дейін Павел Семеновичтің жұмыстары көрермендерді баурап келеді. Тамаша орындау техникасымен қатар, ол шығармаларының ішкі мазмұнымен де ерекше. Оның әрбір суретінде айналадағы әлем автордың шуақты болмысымен, өмірге деген құштарлығымен, адам еңбегінің жасампаздық қуатына деген сенімімен нұрланып, өзгеше мәнге ие болады.

– Мұндай адамдар таңдай қақтырады. Олар өскелең ұрпаққа үлгі болуы керек, өкінішке қарай, бүгінде идеологияда көп нәрсе жоғалып кетті, сондықтан дәл осындай жандардан үлгі алғанын қалаймыз. Қиын тағдырды бастан кешіріп, ауыр соғысты өткерген, қарапайым фотосүйер адамнан халықаралық деңгейге көтерілген жан оның табандылығының, сұранысқа ие болуға деген ұмтылысының және фотографияға деген шексіз сүйіспеншілігінің айқын дәлелі, – дейді музей директоры Бибігүл Құдабаева.

Павел Семёнович ұзақ жылдар бойы «Қарағанды» фотоклубымен тығыз байланыста болды. Алдымен белсенді қатысушы ретінде, кейіннен оның жетекшісі ретінде клубтың дамуына үлкен үлес қосты. Павел Семеновичтің төрағалығы кезінде фотоклубқа «Халықтық әуесқой ұжымы» атағы берілді. Бүгінде жаңғырып, қайта ашылған бұл өнер ордасы кеншілер астанасының фотосүйер қауымы үшін есігін айқара ашты. Жақында клуб өзінің шығармашылық деңгейін халықаралық аренада да танытты – ол әлемдік фотоклубтар арасындағы FIAP фотобайқауына қатысып, лайықты беделге ие болды.

– Біз биыл Фотоклубтар Кубогына алғаш рет қатыстық және әлемнің 292 фотоклубы ішінде 130 орынға ие болдық. Қазақстаннан бұл жарысқа екі клуб қатысты – біз және Алматы фотоклубы, олар 244 орынға тұрақтады. Менің ойымша, бұл – Павел Семеновичке арналған тамаша сыйлық. Өйткені, «Қарағанды» фотоклубы халықаралық аренаға қайта оралып келеді, – деп атап өтті «Қарағанды» фотоклубының жетекшісі Тимур Кудеринов.

Бүгінде фотографтың шеберлігін контенттің жариялану жиілігі мен жазылушылар саны арқылы бағалайды. Бірақ Павел Семенович Куниннің фотоконтенті уақытқа тәуелді емес. Ол өз дәуірінің нақты сәтін суретке түсіріп, керемет сезімдер мен реңктердің кең ауқымын бейнеледі. Оның туындылары тек көркемдік жағынан ғана емес, сондай-ақ тарихи құнды материал ретінде де баға жетпес.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,                                    

«QH»