Шатыры құлаған мектеп оқу жылына дайын ба?

Қалалық білім бөлімі биыл жазда шатыры құлаған №50 мектептің жаңа оқу жылына дайындығын тексерді.

Мектеп екі бөлек ғимараттан тұрады – оқу кабинеттері орналасқан үш қабатты корпус және асхана мен спортзал орналасқан бір қабатты ғимарат. 2022 жылдың 8 шілдесінде осы корпуста спортзалдың шатыры құлап, қабырғалары опырылған еді. Аталмыш ғимаратта техникалық тексеру жүргізіліп, апатты жағдайда деп танылып, одан әрі пайдалануға жарамсыздығы туралы қорытынды алынған. Қазіргі таңда бұл нысан толығымен қоршауға алынып, өтуге тыйым салынған. Бүгінде асхана мен спорт залды қалпына келтіру үшін құжаттар әзірленуде.

Сараптама қорытындысына сәйкес мектептің негізгі, оқу кабинеттері орналасқан ғимараты апатты жағдайда емес. Нысанның техникалық жай-күйі қалыпты, пайдалануға рұқсат етілді. Ғимаратта косметикалық жөндеу (әктеу, сырлау) жүргізілді.

Мектеп оқу процесін 1 қыркүйекте қалыпты режимде бастайды. Бағдарламаға сәйкес, дене шынықтыру сабақтары қолайлы ауа-райы күндері көшеде, спорт алаңында өткізіледі. Сондай-ақ, бірінші қабаттың холлы, шахмат ойнауға арналған оқу кабинеттері пайдаланылатын болады.

2022-2023 оқу жылында мектепте 30 сынып жинақталған. 676 оқушыың 68-і – мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА