Шаруаның еңбегі – халықтың қажетіне

Қарағандыда ауылшаруашылығы жәрмеңкелері арқылы тұрғындарды жергілікті өніммен қамтуға басымдық берілуде. Күзгі маусым аясында қалаға өңірдің жеті ауданынан 90-нан астам ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші мен қайта өңдеу кәсіпорнының өнімі жеткізіледі. Негізгі мақсат – халыққа сапалы азық-түлікті қолжетімді бағамен ұсынып, өндіруші мен тұтынушы арасындағы тікелей байланысты күшейту.

Қарағандыда өтетін алғашқы жәрмеңкеге 450 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімі жеткізіледі. Оның ішінде 52 тонна ет, 240 тонна картоп, 110 тонна көкөніс, 16 тонна сүт өнімі және 9 тонна балық бар. Сонымен қатар сауда сөрелеріне 170 мыңға жуық тауық жұмыртқасы мен басқа да азық-түлік өнімдері қойылады.

Әлеуметтік тұрғыдан алғанда, мұндай жәрмеңкелердің маңызы зор. Өнімнің бір бөлігі делдалсыз тікелей ауылшаруашылығы өндірушілерінен сатылатындықтан, тұрғындарға тауарды нарықтағы орташа бағадан 10-15 пайызға төмен сатып алу мүмкіндігі беріледі. Бұл әсіресе күнделікті тұтынатын ет, сүт, картоп пен көкөніс сияқты негізгі азық-түлік түрлеріне қатысты.

Биыл өңір шаруалары да мол өнім жинады. 500 мың тоннадан астам астық, 200 мың тоннадан астам картоп және 66 мың тоннаға жуық өзге көкөніс өндірілген. Бұл күзгі кезеңде ішкі нарықты маусымдық өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жәрмеңке форматы жергілікті өндірушілерді қолдаумен қатар, азық-түлік тауарларының қолжетімділігін қамтамасыз ету тетіктерінің бірі ретінде қарастырылып отыр. Қазақстан Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, «Дала дәмі» жобасы аясындағы жәрмеңкелер еліміздің барлық өңірінде әр демалыс сайын ұйымдастырылып, өнімді тұтынушыға тікелей жеткізуге бағытталған.

Қарағанды облысында жәрмеңкелер алдағы уақытта да жалғасады. Қаладағы сауда-саттықтан кейін шаралар Теміртау, Шахтинск, Саран, Балқаш және Приозерск қалаларында ұйымдастырылады.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»