Шапағат шуағы: ерекше балаларға арналған қайырымдылық шарасы

Мұқтаж жандарға мейірім мен қамқорлық көрсету – қоғамның адамгершілік деңгейінің көрсеткіші. Қарағанды қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Әлихан Бөкейхан ауданының үйде қызмет көрсету бөлімшесі» ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін үнемі қолдау көрсетіп келеді. Қазіргі таңда бұл бөлімшеде тірек-қимыл жүйесі бұзылған және психоневрологиялық ауытқулары бар 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі 156 бала арнайы әлеуметтік қызметтер алады.

Бөлімше сегіз бағыт бойынша арнайы әлеуметтік қызмет көрсетеді: әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбектік, мәдени, экономикалық және құқықтық қолдау. Бұл қызметтер баланың жасы мен денсаулығын, қозғалыс белсенділігін және әлеуметтік жағдайын ескере отырып, аптасына кемінде екі рет жүзеге асырылады.

Әлеуметтік қызметкерлер балалардың тек физикалық емес, рухани дамуына да баса назар аударады. Үй жағдайында оқшауланған балалардың шығармашылық әлеуетін дамыту мақсатында түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылуда. Ән мен биді үйреніп, түрлі деңгейдегі байқауларға қатысқан балалардың жетістіктері – осы еңбектің жемісі.

Бұдан бөлек, қоғамдық ұйымдар, қорлар, демеушілер мен жай ғана қамқор жандардың көмегімен қайырымдылық акциялар да тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Мәселен, 20 мамырдан бастап бөлімше 13 қайырымдылық шарасын жоспарлап, балаларды ойын алаңдарына, хайуанаттар бағына, демалыс саябақтарына және дәмханаларға апаруды қолға алған.

3 маусым күні ерекше шара – «Заман» мейрамханасында өткізілген қайырымдылық акциясы болды. Жаңа Майқұдық мәдениет үйінің шығармашылық ұжымы арнайы концерттік бағдарлама әзірлеп, 36 балаға нағыз мерекелік көңіл-күй сыйлады. Мейрамхана ұжымы да игі істен қалыс қалмай, балаларға арналған мерекелік дастархан жайды.

Мұндай шаралар балалардың қоғамға бейімделуіне, әлеуметтенуіне, өзіндік сенім мен қуаныш табуына үлкен әсер етеді. Қамқорлық – жүректен.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»