Шахтаға 60 жыл
Ленин атындағы шахтаға 60 жыл толды. Бұл кен орны 1964 жылы ол «Тентек» деген атаумен ашылған болатын, 1968 жылы оны «Наклонная» шахтасымен біріктірді. Ал 1970 жылы шахтаға Ленин есімі беріліп, Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.
«Ленин» шахтасында, басқа шахталардағыдай, өтпелі жол қазушыларды жұмысқа қабылдау жүріп жатыр. Наурыз айына қарай екінші лаваны ашу жоспарлануда. Qarmet шахталардағы жұмысшылар санын көбейтуде, сонымен қатар жаңа заңға сәйкес көптеген адам 55 жасында зейнетке шыға бастады, бұл кадр тапшылығын күшейтуде. Бүгінде Qarmet 8 шахтаның екеуі, «Қазақстан» және «Тентек» жұмыс істемейді, дегенмен «Тентек» шахтасында домна пештері үшін аса қажетті майлы кокстелетін көмір өндірілетін. Қазіргі уақытта Qarmet олар үшін көмірді Ресейден сатып алып отыр.
– Өткел қазушылар бригадалар санын көбейттік. Бұл өте маңызды болды, өйткені дәл осы қызметкерлер жетіспеді. Лава аяқталғанда, шахта келесі лава дайын болғанша тоқтап қалатын. Қарағанды көмір бассейніндегі ең қауіпті шахталарда, метан мөлшері жоғары шахталарда, біз 5 км өткел жасау үшін 13 км дегазациялық ұңғымалар бұрғылаймыз. Бұл тек өткел жұмыстары бойынша, бұл жер бетінен бұрғыланатын ұңғымаларды қоспағанда, – деді «Qarmet» АҚ бас директоры Вадим Басин.
Сондықтан өзіндік құны жоғары, бірақ бас директордың айтуынша, компания үшін шахтерлердің өмірі маңыздырақ. Биыл көмір департаменті өткен жылмен салыстырғанда көмір өндіруді 2%-ға арттырды. Әзірге аз, бірақ 2027 жылға қарай Qarmet жылдық көмір өндіру көлемін 6 миллион тоннадан 9 миллион тоннаға дейін арттыруды көздеп отыр.
– 9 миллион тонна көмір өндірсек, ең алдымен қажетті көмір көлемін қамтамасыз етіп, көмірдің сапасын әртүрлі қабаттан таңдап, концентрат үшін қажетті пропорцияда дайындауға мүмкіндік аламыз. Осылайша, біз сырттан көмір сатып алудан бас тартамыз, бұл қаржылық жағдайымызға оң әсер етеді, – дейді Вадим Басин.
Көмір департаментіне инвестиция көлемі 753 миллион долларды құрайды, деп мәлімдеді компания басшылығы. Компанияның саясаты кен орындарында жазатайым жағдайлардың болмауын қадағалау.
– Бағдарламаны жүзеге асыру шахтерлерге қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етеді, шамамен 1 800 жаңа жұмыс орнын ашуға және байыту фабрикаларының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Шахтаны дамытуға 955 миллион доллар, ал қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 143 миллион доллар қарастырылған, – деп атап өтті Qarmet АҚ бас директорының қаржы және стратегиялық даму жөніндегі орынбасары Зауре Заурбекова.
Биыл орталық диспетчерлік қызмет ашылды. Бұл қызмет шахталардағы барлық үдерісті бақылайды, кез келген жағдайларға жедел әрекет етеді және 800 метр тереңдікте жұмыс істейтін шахтерлермен бейнебайланыс орнатуды қамтамасыз етеді. Бұрын тек екі шахтада қолданылған позициялау жүйесі биыл тағы алты шахтада орнатылады.
Жұпар ТОНТАЙТЕГІ,
«QH»