Шахматты дамыту ширады

Ақыл мен алғырлықты дамытар тақталы ойынға мемлекеттік деңгейде жоғары мән берілуде. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та ерекше назар аударып, Халықаралық шахмат федерациясының президенті Аркадий Дворковичті қабылдаған-ды.

– Қазақстанда шахмат кеңінен танымал, әсіресе балалар мен жастар арасында. Бізде 7 мыңнан астам секция жұмыс істейді. Дегенмен бұл көрсеткішті кемінде екі есе арттыруға тиіспіз. Қазір шахматпен 200 мыңнан астам адам айналысады. Қазақстандық шахматшылар халықаралық жарыстарда сәтті өнер көрсетіп жүр. Біз бұл спортты қолдауға баса мән береміз. Шахматты дамытудың Жол картасы әзірленді. «Мектептегі шахмат» ауқымды жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр, – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Аркадий Дворкович Қазақстанда шахматты жеке қолдағаны және танымал спортқа айналдырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдіріп, шахматты мектеп бағдарламасына енгізу жөніндегі халықаралық тәжірибесін бөлісуге дайын екенін жеткізді.

Сонымен қатар олар Қазақстан мен ФИДЕ (Халықаралық шахмат федерациясы) арасындағы ұзақмерзімді ынтымақтастық мәселелері жөнінде пікір алмасып, елімізде ірі халықаралық турнирлер өткізу перспективаларын талқылады.

Ал әлемдік шахмат рейтингісінде Қазақстан 37-орынға тұрақтаған. Бұл көрсеткіш – әрине, қанағаттанып қарап отырарлық нәтиже емес. Сол себепті ақ пен қара айқасар ақылдылар ойынын дамытуға барынша ден қойылуда. Таяуда Қарағандыда жылдам шахматтан бірнеше күнге ұласқан Қазақстан чемпионатының өтуі – осының бір дәлелі. Жарыста еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 10 команда бақ сынасты. Командалық біріншілікте бақ сынасқандар бес күн бойы шахматта кімнің ойы шапшаң екенін шамаласты. Екі күн рапид форматындағы жылдам шахмат, тағы бір күн блиц түріндегі шахмат жарыстары өткізілді. Қатысушылар да осал емес, әр өңірден келген кіл мықтылар.

Халықаралық шахмат шебері, Қарағанды қаласы Шахмат федерациясының төрағасы Бауыржан Қасымовтың айтуынша, мұндай жарыс өткізу біздің қала үшін таңсық емес. Қарағандыда дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Ковидке байланысты тоқтап қалған жарыс биыл қайта жанданды. Бұл турнир жас шахматшылардың шыңдалуына берілген тамаша мүмкіндік саналады. Қос форматты, яғни рапид және блицті қамтыған сайыс қатысушылар үшін үлкен тәжірибе алаңы болғаны сөзсіз.

Шахматтан ҚР құрамасының бас бапкері Павел Коцур да мұндай жарыстарда біздің жастарымыз атақты гроссмейстерлермен ойнауға мүмкіндік алатынын атап өтті. Қатысушылар оны жақсы түсінеді. Осы арқылы өскелең ұрпақтың жеңіске деген ұмтылысын қадағалап, құрама командаларды сынақтан өткізуге мүмкіндік тумақ.

Жарыстың соңғы күнінде жағымды жаңалық айтылды. Чемпионат жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде демеушілердің бірі Қарағандыда шахмат спортына бағытталған халықаралық мектеп салу жоспарымен бөлісті. Әзірленген жобада жалпы білім беру процесіне арналған кабинеттермен қатар турнирлер мен халықаралық біріншіліктерге дейін барлық деңгейдегі шахмат жарыстарын өткізуге арналған арнайы кабинеттер мен залдар қарастырылған.

– Қазірдің өзінде Қарағанды өңірінде осындай халықаралық нысанның құрылысы туралы талқыланып жатқанын айтқым келеді. Жобамыздың іске асуы өңірімізге және әлемдік шахматқа айтарлықтай пайда әкелетініне сенімдімін, – деп шахматтық бейімділігі бар халықаралық мектеп салу және пайдалану жөніндегі жоба жетекшісі Корней Изаак өз ойымен бөлісті.

Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,

«QH»