Шағын бизнес – өңір экономикасының тірегі
Қарағанды облысында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы мемлекеттік қолдау шаралары өз нәтижесін беріп келеді. Бүгінде өңірдегі экономикалық белсенді халықтың жартысына жуығы осы салада еңбек етіп, кәсіпкерлік өңір экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз ететін негізгі күштердің біріне айналды. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Асқар Ғазалиев мәлімдеді.
Қазіргі таңда облыста 94,5 мыңға жуық кәсіпкер мен компания жұмыс істейді. Мемлекеттік қолдау тетіктерінің тиімді жүзеге асырылуының нәтижесінде шағын және орта бизнестің экономикаға қосатын үлесі артып, бюджетке түсетін салық көлемі мен жаңа жұмыс орындарының саны көбейіп келеді.
Биылғы жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша шағын және орта бизнестен бюджетке түсетін түсімдер 12,3 пайызға өсті. Бұл өңірде кәсіпкерлік белсенділіктің артып, мемлекеттік бағдарламалардың нақты нәтиже беріп отырғанын көрсетеді.
– Мемлекеттік қолдау шараларымен жалпы несие портфелі 57,2 млрд теңгені құрайтын 416 жоба қамтылды. Сонымен қатар бұған дейін қолдау көрсетілген шамамен 1,7 мың жоба бойынша қаржыландыру жалғасуда. Басым бағыттардың қатарында өңдеу өнеркәсібі, сауда, туризм, IT, көлік, қоймалау, денсаулық сақтау және білім беру салалары бар, – деді Қарағанды облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Асқар Ғазалиев.
Өңірде кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдау тек жеңілдетілген несиелеумен шектелмейді. Бизнес субъектілеріне инженерлік инфрақұрылым тарту, өндірістік алаңдарды дамыту, консультациялық сүйемелдеу және инвестициялық жобаларды іске асыруға жан-жақты көмек көрсетілуде. Бұл құралдардың барлығы кәсіпкерлер арасында жоғары сұранысқа ие.
Биыл іске қосылған «Өрлеу» жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасы аясында қазірдің өзінде 146 жобаға қолдау көрсетілген. Сонымен қатар ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Іскер аймақ» бағдарламасы табысты жүзеге асырылуда. Бағдарлама шеңберінде кәсіпкерлер жеңілдетілген несиеге ғана емес, инфрақұрылымдық және консультациялық қолдауға да қол жеткізуде. Бұл ауылдық жерлерде жаңа өндірістердің ашылып, тұрғындардың жұмыспен қамтылуына мүмкіндік беріп отыр.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында өңірде жаңа өндіріс орындары іске қосылып, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың өндірістік әлеуеті кеңеюде. Атап айтқанда, клинкер плиткаларын, электр тарату жабдықтарын және басқа да импортты алмастыратын өнімдерді шығаратын кәсіпорындар өндіріс көлемін ұлғайтып келеді.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, кәсіпкерлікті дамыту алдағы уақытта да өңірдің әлеуметтік-экономикалық саясатының негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді. Биыл ауылдық аумақтар мен моноқалалардағы бизнесті қолдау, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, жаңа өндірістер ашу және кәсіпкерлер үшін қолайлы бизнес-ортаны қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасады.
Сарапшылардың пікірінше, шағын және орта бизнестің тұрақты дамуы өңір экономикасын әртараптандыруға, халықты тұрақты жұмыспен қамтуға және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді. Сондықтан мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалану мен жаңа кәсіпкерлік бастамаларды жүзеге асыру Қарағанды облысының экономикалық өсімінің маңызды факторларының бірі болып қала бермек.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

