Серік Сәпиев пен Геннадий Головкин — комикс кейіпкерлері

Baurzhan foundation қайырымдылық қоры мен Khan Comics арт-студиясы Қазақстан тарихы туралы комикс шығарды. Сурет ретінде келтірілген әңгімелер маңызды мәдени және саяси оқиғалар, танымал тұлғалар туралы баяндайды. Кітапта қарағандылық спортшылар Серік Сәпиев пен Геннадий Головкин де суреттелген.

70 иллюстрациясы бар кітапты әзірлеу барысында еліміздің түкпір- түкпірінен 20 суретші жұмыс істеген. Олардың барлығы — «Тарихым — бүгінім, ертеңім!» жас иллюстраторлар байқауының жеңімпазы.

Төрткүл дүниеге елімізді танытқан әнші Димаш Құдайберген де бейнеленген комикстің 5 000 данасы шығарылды. Бірінші кезекте кітапханаларға, балалар үйлеріне, жалпы білім беретін мектептерге тегін таратылатын болады.

Бұл бастама Samruk Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен іске асуда.

— Комикс — бүгінде фильмдер, сериалдар, анимемен байланысқан миллиондаған жанкүйері бар жаһандық сала. Кітап дүкендерінің сөрелерінде «KZ» белгісімен комикстер жинағы тұрғаны көз қуантады, — дейді Khan Comics арт-студиясының негізін қалаушылар.

Ақзия ОРАЗАЛИЕВА,

«QH»