Әсемдік пен өнер тоғысқан кеш
Кеншілер мәдениет сарайында «Көктем аруы – 2026» байқауы өтті. Оған өңірдегі жоғары оқу орындары мен колледждерден 10 үміткер қатысып, өз өнерлерін көрсетті. Байқау барысында қатысушылар таланты мен тапқырлығын танытып, түрлі кезеңдер бойынша бақ сынады. Кеш көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Байқау бірнеше кезеңнен құралды. Алғашқы «Таныстыру» бөлімінде қатысушылар өздерін көпшілікке таныстырып, өмірлік ұстанымдары мен қызығушылықтары туралы әңгімеледі. Бұл кезеңде олардың сөйлеу мәнері мен өздерін еркін ұстауы бағаланды. Келесі шығармашылық кезеңде қатысушылар өз өнерлерін ортаға салды. Бірі ән айтып, енді бірі би билеп, түрлі шығармашылық қабілеттерін көрсетті. Бұл бөлімде олардың таланты мен сахнадағы шеберлігі айқын көрінді. Үшінші кезең – «Көктем стиліндегі дефиле» болды. Қатысушылар көктемнің нәзіктігі мен сұлулығын бейнелейтін сәнді образдарын ұсынып, сахнада сенімді әрі әсем жүріп өтті. Бұл бөлімде олардың талғамы, сән үйлестіру қабілеті және сахна мәдениеті ерекше назарға алынды. Байқауға қазылық ету үшін мәдениет пен өнер саласында тәжірибесі мол мамандар мен білікті тұлғалар шақырылды. Олар қатысушылардың өнер көрсету деңгейін, сахнадағы өзін-өзі ұстау мәдениетін, шығармашылық қабілетін және жалпы сахналық образын жан-жақты бағалады. Әділқазылар алқасының мүшелері мұндай байқаулардың жас арулардың таланты мен шығармашылық мүмкіндіктерін дамытуға үлкен септігін тигізетінін атап өтті. Сонымен қатар, бұл сайыс қатысушыларға өз қабілеттерін танытып, сахнада еркін өнер көрсетуге мүмкіндік беретін маңызды алаң екенін жеткізді.
– Бұл байқау арулар үшін үлкен мүмкіндік деуге болады. Әрбір қатысушы өз бойындағы талантын, білімін және көпшілікке көрсете бермейтін қырларын сахнада таныстыруға жол ашады. Осындай сайыс арқылы қыздар өз қабілеттерін көрермен алдында еркін көрсетіп, жаңа мүмкіндіктерін ашуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, бұл олардың өзіне деген сенімін арттырып, шығармашылық тұрғыдан дамуына да ықпал етеді, – деді әділқазы алқасының мүшесі Ахай Жұмамұратов.
Байқауға қатысқан арулардың бірі – Жанерке Қалиақпар. Ол – Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің 5-курс студенті. Болашақ сәулетші ретінде білім алып жүрген Жанерке сахнада өз өнерін көрсетіп қана қоймай, шығармашылыққа деген қызығушылығы мен таланты бар екенін де дәлелдеді. Байқау барысында ол көрермендерге өзінің жан-жақтылығын танытып, сахнада сенімді өнер көрсетті.
– Байқауға дайындық шамамен екі аптаға жуық уақытты алды. Осы уақыт ішінде барлық қатысушы барынша дайындалып, өз өнерлерін көрсетуге күш салды. Жанеркенің айтуынша, ол өзінің негізгі мамандығынан бөлек, бейнетүсіріліммен де айналысады, яғни видеограф ретінде түрлі түсірілім жүргізеді. Сонымен қатар ол байқауға қатысып жатқан басқа аруларға сәттілік тілеп, барлығының жолында кездескен қиындықтары шешіліп, тек жақсылықтар болуын тіледі, – дейді байқауға қатысушы Жанерке Қалиақпар.
Сайыс соңында қазылар алқасы қатысушылардың өнері мен сахнадағы шеберлігін саралап, үздіктерді анықтады. Нәтижесінде Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің студенті Айкүнім Бақтыбай облыстық «Көктем Аруы – 2026» байқауында бас жүлдені жеңіп алып, Гран-при иегері атанды. Жеңімпаздар мен барлық қатысушыға арнайы дипломдар табысталып, түрлі номинациялар бойынша марапаттар мен бағалы сыйлықтар берілді. Сұлулық пен шығармашылықты үйлестірген бұл мерекелік шара көктемнің көркін арттырып, көрерменге ерекше әсер мен көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»

