САЯЖАЙ КООПЕРАТИВІНЕН ДАУ ШЫҚТЫ

Қарағандыдағы «Оптимист» деп аталатын ең ірі саяжай кооперативінің төрағасы мен халық арасында дау шықты. Қос тарап бірінбірі қорқытып-үркітіп қана қоймай, тіпті қол көтеруге дейін барған. Мұның соңы қылмыстық істің қозғалуына әкелген. Ал, екі тарап бір байламға келе алмай жатқанда саяжай қоғамының коммуналдық төлем алдындағы қарызы бастан асқан.

Оптимисттің құрамында бүгінгі күні бір мыңға жуық адам бар екен. Талап бойынша Саяжай иелері кооперативіне олар бір маусымда 26 мың теңге төлейді. Қос тарап арасындағы текетірес те дәл осы сомадан басталған. Себебі ревизилық комиссия тексерісінен кейін бірнеше миллион теңгенің жетіспейтіні анықталыпты.

«Оптимист» тұтынушылар кооперативінің мүшесі Вера Дербеденева, «Ревизилық комиссиядан кейін біз тәуелсіз аудиторларды шақырдық. Олар құжаттардың жай-күйін көріп таңқалды. Себебі құжат деп жүргені бухгалтерлік есеп талабына сай келмейді екен. 5 миллион теңгеге жуық қаржының жетіспейтіні анықталды» — деп шағымданады. Тіпті тұрғындар осы іс бойынша әділдік іздеп полицияға шағымданған. Қазір полицейлер сеніп тапсырған мүлікті қолды ету бабы бойынша іс қозғапты. Облыстық ПД баспасөз қызметінің басшысы Бақытжан Құдияров осы іс бойынша темір жол ПБ-не 51 жастағы қала тұрғынынан арыз түскенін, қазір ҚР ҚК 189 бабына сай қылмыстық іс қозғалғанын айтты.

Бұдан бөлек, саяжай иелері мен қазіргі төрағаны қолдаған бір топ азамат арасында тағы бір әкімшілік іс қозғалған. Себебі әлгі азаматтар тұрғындарға қоқанлоқы көрсетіп, қол көтеріпті.

«Біздің саяжайларда болып жатқан жәйттардың қасында 90-жылғы қылмыстар әдірең қалады. Менің ісім бойынша әкімшілік сотта үкім шығуы тиіс. Басыма соққы тиіп, жарақат алғам. Ылғи мәселенің басын ашып сөйлесейік десек, қоқытып-үркітіп, ұрып-соғуға дейін барады»-дейді Оксана Охремчук есімді тұрғын.

Қос тарап екі жаққа тартқанда, коммуналдық шығын шаш етектен келіп, ал, су құбырлары болса жарылып қалған. Қазір құбырлардың тозуы 90 проценттен асады. Қарыз көлемі болса 5 миллион теңгеге жуықтаған.

«Қазір құбырлардың сау тамтығы қалған жоқ. Су ағып мына жер бірақ батпаққа айналды. Енді көршілес тұрған кооперативті де су басып жатыр. Оны да жөндейтін ешкім жоқ. Бірақ далаға кеткен судың ақшасын төлеу керек болады» — дейді «Оптимист» тұтынушылар кооперативінің басқарма мүшесі Пётр Ражин.

Басшылық тараптың ісіне қанағаттанбаған саяжай иелері 500-ден астам тұрғынның қолын жинап, төрағаның кетуін талап еткен. Ал, ол болса, «тұрғындар алдымен маған жала жапқандары үшін кешірім сұрасын, қазір қолымда ешқандай құжат жоқ. Олар полицияда. Ал, 5 миллион теңгені мен білмеймін. Мен жұмысқа өткен жылдың мамыр айында кірістім. Мүмкін аталған қаржы сол мерзімге дейін төленген болар»- дейді кооперативінің төрағасы Олег Савин.

Қос тарапты бір байламға келтіруге әкімдік те ат салысқан. Бірақ нәтиже болмапты.

«Бұл саяжай иелері кооперативі. Ол ешқандай мемлекет пен әкімдікке бағынышты емес, өзін-өзі қаржыландырады. Сондықтан бұл іске мемлекеттік мекеменің араласуы заңсыз болып есептеледі. Сондықтан қос тарап бір мәмілеге келе алмса, онда шешімін тек сот шығарып береді» — дейді Октябрь ауданы әкімдігі құқық бөлімінің басшысы Сәлжан Балаубаев.

Әр саяжай беретін 26 мың теңгені осындағы 1 мыңға жуық тұрғынға көбейтсеңіз, 26 миллион теңгеге жуық ақша шығады. Сондықтан бір есептен халықтың берген ақшасына сапалы дүниені талап етуі де заңдылық. Бірақ, төраға тарапының бұған қатысты өз уәжі бар. Қазір қос тарап толық қамданып, бірін-бірі сотқа сүйрелеуге толық бекініп отыр.

Расул МҰХАММЕД