Саяжай иелері өздерін жеке тұлға ретінде таныта алмай жүр

Қарағандыда 120 мыңнан астам саяжай иесі электр қуаты үшін шамадан тыс артық қаржы төлеп жүр. Сөздерінше, ай сайын электр түбіртегінде көрсетілген сома заңды тұлға ретінде есептеледі екен. Салдарынан өнімнен түскен пайданың басым көбі тек төлемақыға кетеді. Өздерін жеке тұлға ретінде мойындата алмай әлекке түскен жұрттың жанайқайын естір құлақ болмай тұрған көрінеді.

Жиналған жұрттың дені зейнет жасында. Ай сайын жарықтың бір киловатына 22 теңге төлейтіндерін айтады. Бұл жеке тұлғалармен салыстырғанда екі есе көп. Саяжай иелері кезінде кооператив құрамына өтіп, заңды тұлға атанып кеткен. Енді қазір жеке-жеке жұмыс істейтіндерін айтып ақталады, бірақ сонда да төлем түбіртегін көргенде жағасын ұстайды екен. «Бізге көмек көрсетпесе, жағдай қиын. Қазір саяжай болғаны үшін ғана кәсіпкер көретіні ақылға сыймайды. Онсыз да зейнетақы жетпей жатқан соң, қысқы азығымызды осы жерде өсіретінбіз. Сондықтан жеке тұлға ретінде заңды түрде мойындасын деп талап етемін», — дейді Любовь Рыбина есімді саяжай иесі.

Қарағанды әкімдігінің мамандары болса мәселенің оң шешімі бар екенін айтып отыр. Бірақ саяжай иелерінің өздері құжат мәселесімен жүгіруге құлық танытпаған көрінеді. Алайда қазіргі күні жұрт тіпті жоғары сотқа дейін барып жеңіліп қалған. Жиналған жұрттың сөзін тыңдауға келген Кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Абзал Рахымбаев: «Негізі, шешім бар, егер әрбір саяжай мүшесі жеке-жеке шот ашып, «Қарағанды Жарық» энергия беру мекемесімен келісімшартқа отырса болады. Дегенмен басқа саяжайлар техникалық тұрғыда, басқа да тұрғыда бұл механизмді қолдануға дайын емес», — деді.

Қарағандыда қазір 40-қа жуық саяжай кооперативі бар. Онда 120 мыңнан астам адам жеке саяжайларға иелік етеді. Қарапайым халық өздерінің шынайы статусын мойындату үшін қайда барарын білмей дал.

Расул МҰХАММЕД,

«QH»