Саясаттанушы: Жаңа Қазақстанды құруды елімізде орта тап қалыптастырудан бастау керек

Бүгінгі таңда елімізде 1 млн-ға жуық азаматтың табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен. 1,5 млн жуық азамат несиесін уақытылы төлей алмай отыр. 500 мыңға жуық азамат үй кезегінде тұр, баспана мәселесі шешілмеген. Осы сияқты қордаланған әлеуметтік мәселелер бар. Ал әлемге қарасақ, орта табы қалыптасқан елдерде әлеуметтік әділеттілік принципі сақталған мемлекеттерде тұрақтылық та болады, құқық та, заң да, партияға мүше болу да, барлығы сол жерден шығады. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Жаңа Қазақстан: қоғамдық-саяси қатынастарды дамытудың жаңа бағыты» атты сараптамалық дөңгелек үстел отырысы барысында саясаттанушы Бауыржан Серікбаев осындай пікірін жеткізді.

«Бірінші кезектегі мәселе — әлеуметтік әділеттік принципін қалыптастыру және орта тапты қалыптастыру. Орта тап қалыптасқан кезде, белгілі бір саяси көзқарастар пайда болады, ол сауатты түрде саяси партияларды таңдайды, одан әрі құқықтық сауаттылық, басқа да заңның орындалуы, барлығы өз ретімен келеді. Сондықтан орта таптың қалыптаспауы, еліміздегі әлеуметтік проблемалар — ең негізгі мәселелер осылар. Екінші мәселе, халықтың 40% жуығы ауылдарда тұрады. Ал мал жаятын, шөп шабатын жерлерді белгілі бір топтар иемденіп алған. Мал жатын жер жоқ. Бұл үлкен проблема. Осындай мәселелерді шешсек, барлығы болады деп ойлаймын. Президент айтқандай, азамат мемлекет үшін емес, мемлекет азамат үшін болса, барлығы ретімен болады деп ойлаймын. Елімізде «Бастау» жобасы, мектептерде «кәсіпкерлік негіздерін» оқыту сияқты жақсы бастамалар бар, осы саланы көтеріп, шағын және орта бизнесті дамытсақ, халықтың қаржылық, құқықтық сауаттылығын көтеріп, мемлекет өз кәсібін ашуға жағдай жасауы керек»,- деді спикер.