Саябақтағы қауіпсіздік

Орталық саябақта балалар аттракционының кабинасы адамдармен бірге құлап кетті. Оның ішінде баласы мен анасы болған. Абырой болғанда олар тек жеңіл жарақат алған. Қалалық карусельдерді кім және қалай тексереді және елімізде осы салада әлі де нормативтер жоқ па? Ойнаймын деп барған баланың опық жемесіне кім кепіл?

«Тікұшақ» балалар аттракционы саябақта бірнеше жыл жұмыс істейді. Ол саябақта алаңды жалға алатын кәсіпкерге тиесілі. Иесі журналистермен байланысқа шығудан бас тартты. Саябақ басқармасының мәліметі бойынша, маусым басталар алдында, мамыр айында барлық аттракцион, соның ішінде «тікұшақ» та техникалық тексеруден өткен.

– Қазақстан бойынша бізде осындай сараптамалар жүргізетін бірнеше фирма бар, тіпті Қарағанды облысында, Теміртауда да бар. «Теміртау аттракциондар зауыты» ЖШС, ол да осындай қорытындылар беруге құқылы. Бұл аттракцион балаларға арналған. Ол осы фирмадан қорытынды алды, – дейді Қарағанды қаласының Мәдениет және демалыс саябақтары басқармасы директорының міндетін атқарушы Ержанат Бикенов.

Теміртау аттракциондар зауытының басшысы да бізбен сөйлесуден бас тартты. Карусельдердің қызметін бақылау жергілікті атқарушы органдарға, яғни әкімдіктерге, нақтырақ айтсақ, тұрғын үй инспекциясы бөліміне жүктелген. Саябақтарды басқару директорының орынбасарының айтуынша, жазда комиссия аттракциондарды тексерген және аталмыш аттракционға қатысты ешқандай шағымдар болмаған.

– Біз мұндағы кей әткеншектерге отырамыз. «Блэкстар», «Түймедақ» сияқты. Мен үшін бұл өте экстремалды. Әрине қауіпсіздік үшін қорқамыз, –дейді  қала тұрғыны Азамат Серікхан.

Қазақстанда карусельдер мен аттракциондардың қызметін реттейтін заң жоқ. Бірқатар жазатайым оқиғадан кейін 2019 жылы ҚР ұлттық стандарты әзірленді. Реттеу және метрология комитеті аттракциондарды сату сатысына дейін жауап береді. Бұдан әрі жауапкершілік тек әкімдіктерде. Қарағанды орталық саябағындағы ТЖ бойынша полиция «қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызметтер көрсету» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Кәсіпкерге 18,5 миллион теңгеге дейін айыппұл салынады. Саябақтарды басқару онымен келісімшартты бұзуға ниетті.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА, «QH»