Саябақтағы ақындар кеші

Қарағанды қаласындағы Орталық саябақ мәдениеттің айрықша ошағына айналғалы қай заман. Апта сайын қала төріндегі жаңартылған саябақта түрлі мәдени-рухани шара өтіп жатады. Соның бірі – Арқа ақындарының поэзия кештері. Бұл жолы Қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Ильяшев пен тіл жанашыры Эльмира Сайлауқызының ұйытқы болуымен «Қарағанды – қоңыр күз» поэзия кеші өтті. Идея авторы Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды филиалы басшысы Жанат Жаңқашұлы екенін де атап өткен жөн.

Саябақ сахнасындағы алғашқы поэзия кеші шілде айында өткен еді. Алаңға жиналған көпшіліктің көзінен-ақ мұндай кештердің маңызды екені аңғарылған-ды. Бұл жолғы поэзия кешінің де көрермендері көп болды. Қала тұрғындарының алдында Руслан Нұрбай, Саят Тұяқбай, Ілияс Мұқай, Салтанат Смағұл, Мөлдір Әлжан, Сұлтан Дәулетхан, Салтанат Қайырбек, Бек Ноғайбайұлы, Еркебұлан Елеусізұлы, Жоламан Әйткен, Марат Нұрдәулет, Тілеужан Қасымбай сынды кіл мықтылар өз өлеңдерін оқыды.

– Кездесу жас ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу, ақындар мен әншілердің шығармашылығын насихаттау, көркем әдебиетке деген сүйіспеншілікті ояту, жас дарындарға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылды. Нәзiктiк пен сұлулық, адалдық пен адамгершiлiк, сүйiспеншiлiк, елге, жерге деген махаббат ақындардың поэзиясынан ерекше орын алады. Бір жарым сағатқа жуық бір тынбастан жыр нөсерін кезек-кезегімен төпелетіп елдің көңілін сергітіп тастады. Жұртшылықтың ақындарға деген қошемет-құрметі ерекше болды, – деді Нұржан Ильяшев.

Кеш соңында Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филиалының басшысы Жанат Жаңқашұлы ақындар мен көрермендерге алғыс білдірді. Сондай-ақ алдағы уақытта да мұндай рухани шаралар жалғасын табатынын айтты.

Арман АБИЛҚАСЫМОВ,

«QH»