Саябақ кеші көңілді
Былтыр қаламызда зейнет жасындағы азаматтарға арналған белсенді ұзақ өмір орталықтары ашылған еді. Мақсат айқын. Зейнетке шыққан азаматтардың бос уақытын көңілді әрі тиімді өткізуіне мұрындық болу. Бағалы бастама күтілген нәтижеге қол жеткізді де. Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында Орталық саябақ сахнасында өткен көңілді концерт – соның айғағы.
– Қысқа уақыт ішінде біздің құрметті қызмет алушылар орталық оқытушыларының қолдауымен өздерінің шығармашылық таланттарын ашты. Бүгін Орталық саябақ сахнасында көпшілік алдында қобалжу, толқу сезімдеріне қарамастан өте жақсы деңгейде өнер көрсетті, – дейді ұйымдастырушылар.
Өз кезегінде Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қызмет алушылары мерекелік концерт ұйымдастыруға қолдау білдіргені, қажет құрал-жабдықтармен қамтамасыз еткені үшін Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Баян Нұртаеваға үлкен алғыс білдірді.
Салтанатты шарада зейнеткерлермен бірге Облыстық мәдениет басқармасының солистері А.Ахметжанов, Б.Көкиева, Г.Макшонова, Е.Марат және М.Карим өнер көрсеткенін де атап өткен жөн.
Еске сала кетсек, Белсенді ұзақ өмір орталығы Қарағанды қаласының бірнеше ауданында ашылған. Мұнда зейнет жасындағы азаматтар көңілі қалаған үйірмеге жазылып, бос уақыттарын қатарластарының қасында тиімді өткізеді. Орталықта қызмет алушылар үшін спортпен шұғылдануға, компьютерлік сауаттылығын арттыруға және музыкалық түрлі аспапта ойнап, көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысуға қолайлы жағдай жасалған. Жылдар бойы күнделікті күйбең тірлік, қарбалас жұмыспен жүрген жандардың зейнет демалысына шығып, қолы босаған сәттегі психологиялық күйзеліс сәтін жеңіп шығуына осылайша көмек көрсетіледі. Белсенді өмір салтын сақтап қалған жанның ғұмыры да ұзара түсері анық.
Өз тілшімізден