Сатира саңлағы

Мұхтар Əуезов атындағы кітапхананың нөмірі 14-ші филиалында «90 жылдыққа – 90 кездесу» айдарымен Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі, «Arqa Aqshamy» газетінің бас редакторы, сатирик-жазушы Əдебиет Белгібайұлы Жұмановпен кездесу болып өтті. Кездесуге медицина колледжінің студенттері мен кітапхана ұжымы жəне бард ақын, «қазақтың сары тентегі» атанған Қуаныш Мақсұтов, ағаштан түйін түйген қолөнер шебері, Республикалық шеберлер конкурсының күміс жүлдегері Қылышбек Құрмантегі, Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі, жазушы, өлкетанушы, белгілі журналист Аңғар Смағұлов, журналист, ақын Серғазы Қабылдаұлы, ұлағатты ұстаз Ғазиза Ғабдоллақызы, «Egemen Qazaqstan» газетінің Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі Қасымхан Ғалым қатысты.

Əдебиет Белгібайұлы 1972 жылы Шет ауданы, Үңірек (Шет совхозы) ауылында дүниеге келген. Жастайынан қалам-қағазға үйір бала Əдебиет мектеп қабырғасында жүрген кезінен бастап аудандық «Ильич туы» газетіне мақалалар, қысқа шымшымалар жазып, тілші бала атанады. Сатирик-жазушы Əдебиет Жұманов белгілі сатирик Көпен Əмірбековтен бата алады. Оның қаламынан туған сатиралық шығармалар қоғам өмірінде болып жатқан кемшіліктерді ащы мысқылмен сынға алады. Соның айғағындай  жазушының «Мырс-мырс» атты екінші кітабын оқырман қауым жылы қабылдады.

Кездесуде сөз алған Халықаралық, республикалық конкурстардың жеңімпазы, көпке танымал ақын Қуаныш Мақсұтов Əдебиет інісіне шығармашылық табыс тілей келе, бүгінгі сатира жанрының жай-күйін тілге тиек етті. Облысымыздағы сатираға қалам тартқан жазушылардың соңғы тұяғындай болған Əдебиет Белгібайұлына табыс тіледі. Кездесуге келген студенттер жазушы ағаларына сұрақтар қойып, оған тұщымды жауаптар алды. Кеш соңында естелік үшін суретке түсіп, кездесуден мол рухани азық алып тарасты.

Серғазы ҚАБЫЛДАҰЛЫ