Сарыарқаның алтын тәжі – Қарқаралы

Қарқаралы дегенде ойымызға бірден ол жердің көркем табиғаты оралатыны жасырын емес. Мұнда жазғы да, қысқы да туризмді дамытуға болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қарқаралы туризмін дамытуға тапсырма бергені белгілі. Осы мақсатта бірқатар жұмыс атқарылып та жатыр. Жұмыс барысымен журналистер қауымы арнайы ұйымдастырылған пресс-турда танысып қайтты.

Басты жұмыстардың бірі – Қарағанды мен Қарқаралы арасындағы күре жолды орташа жөндеу жұмысы. Соңғы екі жылда бұл жолдың 54 шақырымы орташа жөндеуден өтсе, биыл тағы 53 шақырымы жөнделуде.

Осы жаздың басты жобаларының бірі – Қарағанды-Аягөз-Бұғаз автожолын, Қарқаралы ауданынан Бұқар жырау ауданына дейінгі учаскені асфальттау. Жол төсемінің сапасы көптеген жыл бойы автокөлік жүргізушілерінің наразылығын тудырды, кейбір жерде тас жол көктемде су астында қалып отырды. Мәселе шешіледі. Биыл мердігер суық ресайклинг әдісімен жаңа асфальтбетон жабынын төсеуге және төрт су өткізгіш құбырды ауыстыруға кіріскен. Жұмыс кесте бойынша жүріп жатыр.

Жолдың жақсы қалпына келуі өңір туризміне қан жүгіртіп, алға бастыратын маңыздың фактордың біріне айналатыны сөзсіз.

Қарқаралы ауданында жалпы 37 туристік орналасу орындары бар екен. Олар бір уақытта 3 мың адамға дейін қабылдай алады.

Болашақта Қарқаралы Қарағанды облысының экотуризм орталығына айналады. Мұнда «Бұғылы» рекреациялық аймағының 75 гектарында этноауыл, тау шаңғысы трассалары және жайлы қонақ үйлері бар заманауи туристік кешен салынады.

«Бұғылы» табиғи оазисі кездейсоқ таңдалмаған, рекреациялық аймақтың аумағы Қарқаралы қаласына іргелес және ұлттық табиғи паркке қосылады.

Кешен бес негізгі секторға бөлінеді: экотуризм аймағы, этноауыл, ойын-сауық саябағы, демалыс үйлері, тау шаңғысы кешені.

– Біз заманауи туристік кешен құрғымыз келеді, онда барлық ниет білдіруші өздеріне ұнайтын демалыс түрін табады. Біреу табиғатта рюкзакпен және шатырларын жайып немесе тауға шықса, енді біреу тарихқа үңіліп, киіз үйде өмір сүргісі келеді, сондай-ақ белсенді спорт пен жайлы қонақ үйлерді ұнататын адамдар бар. Сондықтан «Бұғылы» аумағы таңдалды, ол бір мезгілде орманға да, қалаға да жақын, – деді Қарқаралы ауданының әкімі Әділжан Арғынов.

Кешеннің көрікті жері этноауыл болады, онда атқа мінуге, балық аулауға, табиғат аясында ұлттық тағамдардан дәм татуға болады.

Рекреациялық аймақтың орталығында 7 гектардан астам ойын-сауық паркі орналасады, онда спорт және ойын алаңдары, веложолдармен жабдықталады. «Бұғылыда» 366 орындық 56 қонақүй және глэмпингтер салу жоспарлануда.

Сондай-ақ, Қарқаралыда туризмді дамыту үшін ескі бөгет қайта жаңғыртылуда, онда қоғамдық жағажай жабдықталып жатыр.

Су қоймасының түбін тереңдету және тазарту аяқталған, көпір салынған. Тротуарларды жайластыру, паркингті асфальттау басталды, Балқаш жағалауынан құм әкелінді. Сонымен қатар, мұнда жарықтандыру тіректері, урналар орнатылады, шағын архитектуралық формалар, шатырлар және балалар ойын элементтері пайда болады.

– Бұрын бөгеттен басқа ештеңе болған емес. Өткен жылы біз қайта құруды бастадық. Жағажайда 20 жатақхана болады, су қоймасында бір уақытта 100 адамға дейін демалуға болады. Жалпы, бөгет аумағы «Бұғылы» рекреациялық аймағына іргелес екенін ескере отырып, тәулігіне 200-300 демалушыны қарсы аламыз деп үміттенеміз. Қарқаралы өзені су айдынына құяды, – дейді Қарқаралы ауданының ТКШ, ЖМ және АҚ бөлімінің басшысы Қуандық Таласбаев.

Айта кетейік, өткен жылы ауданға 9 мыңнан астам адам келді. Жоспар бойынша жаңа нысандардың ашылуы демалушылардың ағынын екі есеге арттырады.

Туризмді дамыту ауқымды әрі кешенді жұмыс. Облыс деңгейінде Қарқаралы ауданының туризмін дамыту бойынша 2023-2025 жылдарға арналған шаралар жоспары бекітіліп, жұмыстар жүргізілуде. Бұл орайда инфрақұрылымды дамытуға, негізгі табиғи және тарихи-мәдени ескерткіштерді анықтауға, туристік қызметтің сапасын арттыру және Қарқаралы туризмін брендке айналдырып, насихат жұмыстарын күшейтуге мән берілуде.

Осы міндеттер шеңберінде тек қана табиғат аясында ғана емес, Қарқаралы қаласының өзінде жолдар мен әлеуметтік инфрақұрылым жақсарту қолға алынды.

Мысалға, Тоқтар Әубәкіров атындағы орталық көшеде қайта жаңарту басталды. Мұндай жұмыстар бұрын-соңды жасалған емес, тек шұңқырлы және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Енді асфальт жабыны толығымен ауыстырылады, ол үш қабатты болады. Нөсер ағарлар өткізіліп, тротуар жолдары төселеді, жаңа жарықтандыру тіректері орнатылады. Жоба ауыспалы. Биыл 2,5 км-дің 1,6 км төсеу жоспарланған, келесі жылы аяқталады. Сонымен қатар, 6,7 шақырым көше жолдары орташа жөндеуден өткізіледі.

Өткен ғасырдың 70-ші жылдарында салынған қалалық стадион соңғы рет 14 жыл бұрын  жөндеуден өткен. Қазір оны қайта жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Жаңа әкімшілік ғимарат салынды, онда киім ауыстыратын бөлмелер, душ бөлмелері, спорт залы және жаттықтырушылар бөлмелері бар. Қазір сыртқы безендіру және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Стадионда қосымша ойын, баскетбол алаңдары пайда болады. Футбол алаңын, жүгіру жолдарын және көрермендерге арналған орындықтар жаңартылып жатыр.

Қарқаралының көрнекті жері – Құнанбай қажы мешіті тарихи келбетін сақтай отырып, қалпына келтірілуде. Биыл мешіт маңайын абаттандыру барысында жаңадан брусчатка төселіп, темір шарбағы айырбасталды. Мешіт ішіне жаңа кілем төселген.

Күрделі жөндеуден кейін Шолпан Жандарбекова атындағы мәдениет үйінің келбеті толығымен өзгерді. Онда шамамен отызға жуық түрлі үйірме мен бөлімдер орналасқан.

– Біз жаңарту жүргізілетініне қуаныштымыз, жұмысқа дайынбыз. Барлығы жақсарды: хореография кабинеттері, музыканттар, грим бөлмесі, көрермендерге арналған жаңа орындықтар. Қазір жайластырып жатырмыз, жақын арада Шолпан Жандарбекованың бұрышын жасаймыз, – дейді мәдениет үйінің директоры Мақсат Омарбеков.

Сонымен қатар, қала ішіндегі тағы бір су қоймасы Қаратөбе тоғаны абаттандырылуда.

– Бұл тарихи қалыптасқан атауы «Сасықкөл» деген көл, қазір мұнда абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған көлді абаттандыру үшін былтырғы жылы аудандық ТКШ бөлімі арқылы түбін тазалау, жағажайын бекіту мақсатында қаражат бөлінген. Қараусыз болған, сондықтан жылдар бойы қоқыстар жиналған, олардың барлығы тазаланды. Шамамен 20 мың тоннаға жуық күл-қоқыс шығарылды. Мұнда брусчатка төсеу, жарықтандыру, орындықтан орнату, көлдің маңайын қоршау сияқты жұмыстар жүргізілуде. Болашақта жүзге жуық көшеттер отырғызылады деп жоспарлануда. Жалпы жұмыстар жүріп жатыр. Абаттандыру жұмыстары аяқталған соң бұл жерге «Қаратөбе тоғаны» деген атауды беруді көздеп отырмыз. Аталған нысанның абаттандыру жұмысы Қарқаралы қаласы бойынша жалғыз емес, жалпы қаламыз бойынша 3 200 жуық жаяу жүргіншілер жолдарын абаттандыру жоспарланып отыр. Одан бөлек қала бойынша 350 шаршы метрді құрайтын екі балалар ойын алаңын орнату, көшелерді жарықтандыру мақсатында 14 баған орналастырылып жатыр, – деп атап өтті Қарқаралы қаласының әкімі Аслан Рахымбергенов.

Міне, осы жұмыстардың бәрі де бір жағынан қаламыздың көркін арттырумен қатар, қала қонақтары мен туристерге тыныстауға, тамашалауға бірден-бір жайлы орындар болатыны анық, дейді аудан әкімі.

– Бір айта кетерлігі, туристік салаға дем беретін осындай жұмыстар Қарқаралының биылғы мерейтойы аясында жүргізіліп жатқан жұмыстардың бір бөлігі екенін айта кетсек орынды. Себебі, тарихы мың жылдықтардан бастау алатын Қарқаралының сипатын көріктендіру, инфрақұрылымды дамыту мерейтойды атап өтудің басым бағыты. Біздің бастапқы мақсатымыз да мерейтойды бір күндік той-думанмен емес, осындай іргелі жұмыстарды жүргізумен айшықтау болатын, – деп қосты Қарқаралы ауданының әкімі Әділжан Арғынов.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ, «QH»