Сарыарқа археологиялық институтының экспедициясы айрықша олжамен оралды

Сарыарқа археологиялық институтының ғалымдары мамыр айының соңына дейін Қарағанды облысына қарасты Шет ауданында кешенді іздестіру-барлау жұмыстарын жүргізіп, 25 жаңа тарихи-мәдени мұра ескерткішін анықтады. Бұл жаңалық аймақтың бай тарихын тереңірек тануға жол ашады.

Анықталған нысандардың басым бөлігі – әр дәуірлерге жататын жеке қорғандар мен тұтас қорымдар. Әзірге толық археологиялық зерттеулер жүргізілмегенімен, ғалымдар ескерткіштерді шартты түрде қола дәуіріне, ерте темір дәуіріне және орта ғасырға жатқызуға болатынын айтады.

– Әрбір табылған ескерткіш туралы біз ресми түрде жергілікті атқарушы билікке хабар береміз. Бұл нысандар мемлекет қорғауына алынып, тек содан кейін ғана қазба жұмыстары жүргізіледі. Бұл – уақытты талап ететін, бірақ өте маңызды процесс. Жүргізілетін зерттеулер Шет өңірін көне замандарда мекендеген халықтардың тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетін тереңірек тануға мүмкіндік береді, – дейді институт директоры Алексей Кукушкин.

Экспедиция аясында зерттеушілер бұған дейін белгілі болған Шұнақ петроглифтерін де қайта зерделеді. Ғалымдар ежелгі суреттердегі ең жиі кездесетін бейнелерді сипаттап, мазмұн жағынан ерекше үлгілерін фотоқұжаттаумен айналысты. Петроглифтердің басым бөлігі қола дәуіріне тиесілі екені анықталды. Бұған олардың сюжеттерінде көрініс тапқан дәуірге тән белгілер дәлел: адам бейнелері, адоранттар, күн символдары, жабайы өгіздер, соғыс арбалары, аршалы тұлпарлар мен жұлдызды аспан бейнелері.

Ғалымдардың бұл жұмысы – Қазақстанның тарихи-мәдени қазынасын кеңейтіп қана қоймай, болашақ ұрпақ үшін де баға жетпес мұра қалдыруға бағытталған маңызды қадам.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»