Сарбаздардың психологиялық білімі шыңдалды

«Астана» өңірлік қолбасшылығына қарасты, 31775 әскери бөлімінде Қарағанды университетінің психология факультетінің студенттері әскери бөлімдерде тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды. Шараның басты мақсаты – өткізілген тренингтер арқылы әскери ұжымды біріктіруге, сарбаздардың бір-біріне тек қызмет уақытында ғана емес, бейресми жағдайда да сенімін қалыптастыруға, психологиялық жүктемені азайтуға және әскери қызметке бейімделуді жақсартуға бағытталған. Сонымен қатар, тренингтер арқылы сарбаздардың әскери қызметке деген дұрыс көзқарасын дамытуға, моральдық-психологиялық жағдайы мен әскери тәртібінің деңгейін арттыруға мүмкіндік береді, дейді мамандар.

– Біз әрбір қатысушының осы тренингтерден кейін өз қызметіне деген көзқарасы оң өзгергенін көрдік. Психологиялық тренингтер арқылы олар әскери тәртіпті қатаң бақылаумен қатар, қызметтестерімен жылы қарым-қатынас орнату мүмкін екенін түсінеді. Мұндай түсінік, өз кезегінде, олардың жауапкершілігін арттырып, қызметке ынта-жігерін күшейтеді. Моральдық-психологиялық жағдайының жақсаруы әскери тәртіптің деңгейіне де оң әсер етеді деп сенеміз, – дейді шараны ұйымдастырушы Индира Рахымова.

Сарбаздардың моральдық-психологиялық жай-күйі – Қарулы Күштеріміздің тәрбиеші-офицерлерінің жұмысындағы маңызды құрамдастардың бірі, өйткені, ол әскери қызметшілердің жауынгерлік көңіл-күйіне, әртүрлі оқу-жауынгерлік міндеттерді орындауға дайындығына әсер етеді. Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінен келген 13 психолог маман, психологиялық тренингтерді ұжымдық жұмыс кезінде адамның өзіне деген сенімділігін нығайтуға, тиімді қарым-қатынас орнатуға, өзін-өзі бақылау дағдыларын арттыруға және қалыпты емес жағдайларда топ шешімдерін тез қабылдауға мүмкіндік беретіндігін айтады.

– Әрине, бұл – ұзақ мерзімді жобаның бір бөлігі ғана. Біз болашақта да әскери бөлімдерде осындай тренингтер ұйымдастырып, сарбаздардың психологиялық жағдайын жақсартуға үлес қосуға дайынбыз. Сондай-ақ, бізге осы шараларға қатысуға мүмкіндік берген әскери бөлімге ризашылығымызды білдіреміз, – деді Индира Рахымова.

Ең танымал тренингтік бағдарламалардың бірі – «команда құру» немесе «бірігуге бағытталған тренинг». Бұл күрделі психофизикалық жұмыс, онда команда мүшелері де, жаттықтырушының өзі де жұмыс істейді. Тренинг ұжымдағы климатты қалыпқа келтіруге ықпал етеді. Командада үйлесімді жұмыс істей білу – кез келген ұйымның табысты дамуы үшін маңызды. Осындай тренингтерден кейін мерзімді әскери қызметшілердің эмоционалды және моральдық-психологиялық ахуалында оң динамика байқалады, бұл олардың әскери қызметке тез бейімделуіне ықпал етеді. 31775 әскери бөлімінің сарбаздары алдағы уақытта мұндай іс-шаралар жиі өткізіліп тұрса деген тілегін жеткізді.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»