Сарбаздар дәстүр мен мәдениетті дәріптеді
18 наурыз – Ұлттық киім күні. Наурызнама онкүндігі аясында атап өтілетін бұл күн ұлттық мәдениет пен дәстүрді дәріптеуге, қазақы ою-өрнекті киімдер мен сәнді бұйымдарды насихаттауға арналған маңызды мереке болып саналады.
Бұл күні өңірлерде ұлттық киімдер көрсетілімі (дефиле), түрлі челленджтер мен этно-фестивальдер ұйымдастырылады. Биыл 85510 әскери бөлімінің сарбаздары да осы мерекені қолдап, ұлттық киімдер мен дәстүрлі нақыштағы бұйымдарды паш етті.
– Ұлттық киім күні – біздің мәдени мұра мен дәстүрді жастарға насихаттаудың тамаша мүмкіндігі. Бүгінгі шара сарбаздарға тек сәнді киімдерді көрсетуге ғана емес, сонымен қатар өз ұлттық тамырларын танып, дәстүрімізді құрметтеуге шақырады. Мұндай шаралар армиядағы рухани тәрбиенің де бір бөлігін қалыптастырады, – дейді 85510 әскери бөлімі командирінің орынбасары, капитан Нұржан Смағұлов.
Шара барысында сарбаздар ұлттық киімдер көрсетілімінде белсенділік танытып, түрлі челленджтерге қатысып, этно-фестиваль бағдарламасында өнер көрсетті. Осындай іс-шаралар әскери бөлімде ғана емес, қоғамда да мәдени құндылықтарды дәріптеуге септігін тигізеді. Ұлттық киім күні тек сәнді әрі әсем кеш емес, бұл – ел мәдениетінің, дәстүрлі өнердің және ұлттық бірегейліктің көрінісі. 85510 әскери бөлімінің сарбаздары мерекені жоғары деңгейде өткізіп, ұлттық киімдерді насихаттауда белсенділік көрсетті.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

