Санитариялық-эпидемиологиялық тұрақтылық және негізгі жетістіктер
2024 жыл Қарағанды облысы үшін санитариялық-эпидемиологиялық тұрғыдан қанағаттанарлық деп бағаланды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық басқармасының басшысы Юрий Залыгин айтып берді.
– Өткен жылы аса қауіпті, карантиндік инфекциялар тіркелген жоқ. Вакцинамен басқарылатын инфекцияларға қарсы иммундау өз нәтижесін беріп, қызамық, дифтерия, сіреспе, полиомиелит сынды аурулар анықталмады, – деп атап өтті ол.
2024 жылы қызылшамен сырқаттанушылықтың артуы байқалды. Қосымша иммундау шараларының арқасында 73 мыңға жуық бала вакцинациядан өтті. Шілдеден бастап жыл соңына дейін сырқаттанушылықтың айтарлықтай төмендегені тіркелді.
– Көкжөтелге қатысты эпидемиологиялық жағдай күрделі болды. Ұжымдық иммунитеттің төмендеуіне байланысты бір жыл ішінде 306 жағдай зертханалық расталды. Вакцинацияланбаған балалардың үлесі 89%-дан асты. Қабылданған шаралар нәтижесінде жылдың соңына қарай көкжөтел көрсеткіші екі есе азайды. ЖРВИ мен тұмау жағдайлары бақылау деңгейінен асқан жоқ. Облыста эпидемиологиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында жеке гигиена мен профилактикаға баса назар аудару ұсынылды, – деп атап өтті Юрий Залыгин.
Өткен жылы облыста тамақтан улану және ботулизм жағдайлары тіркелмеген. Бұл тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қатаң бақылау нәтижесінде мүмкін болды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша сатып алынған 615 сынаманың 18,2%-ы сапа талаптарына сәйкес келмеді. Негізінен, сапасыз өнімдер шетелден әкелінген.
Қарағанды облысының өндірістік ерекшеліктеріне байланысты кәсіптік сырқаттанушылық мәселесі өзекті болып қала береді. 2024 жылы зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтіндер арасында кәсіптік сырқаттанушылық 1,3 есеге төмендеді. Бұл міндетті медициналық тексерулердің сапасының жақсарғанын және кәсіптік ауруларды ерте анықтау шараларының тиімділігін көрсетеді.
Облыс халқының 98,2%-ы орталықтандырылған ауызсумен қамтылды. Жүргізілген зерттеулердің нәтижесінде микробиологиялық талаптарға сәйкес келмейтін ауызсу сынамаларының үлесі небәрі 0,08%-ды құрады. Сондай-ақ, атмосфералық ауаның ластану деңгейі 2023 жылмен салыстырғанда төмендеп, экологиялық көрсеткіштердің жақсарғаны байқалған.
Балалардың денсаулығын қорғау бағытында жүргізілген шаралар өз нәтижесін берді. Оқушылардың 98%-ы жыл сайынғы медициналық тексерумен қамтылды. Сколиоздың көбеюі байқалғандықтан, мектеп жиһазының стандарттарға сәйкестігін бақылау күшейтілді. Жазғы сауықтыру лагерлерінде 54 мыңнан астам бала демалып, эпидемиологиялық тұрақтылық сақталды.
– 2024 жыл санитариялық-эпидемиологиялық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі жетістіктермен есте қалды. Вакцинацияны күшейту, азық-түлік пен су қауіпсіздігін бақылау, қоршаған орта мен еңбек жағдайларын жақсарту бағытында маңызды қадамдар жасалды. 2025 жылы да бұл жұмыстар жалғасын табады, – деп қорытындылады Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық басқармасының басшысы Юрий Залыгин.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»