САНАНЫ СЕРГІТКЕН СЕНБІЛІК
Тазалық – қоғам айнасы. Әрбір адам тазалыққа табалдырығынан бастап мұқият қарауға міндетті. Әйтсе де ауласы түгілі, айналасын күл-қоқысқа қобыратып жүретін жандар жетіп артылады. Тіпті айыппұл арқаласа да, көшені қоқысқа толтыратын тұрғындар қатары жетерлік. Дегенмен жұмыла көтерген жүктің жеңіл болары анық. Осылайша тазалық десе құлшынып тұратын қарағандылықтар қолына күрек алып, қап ұстап сенбілікте серпін танытты. Қалалық сенбілікке 720 ұжымнан 12 мыңнан астам адам қатысты. Олардың арасында 1 350 адамнан тұратын 12 ірі коммуналдық кәсіпорын барынша үлес қосты.
Ал жалпы саны 58 оқу орнынан 3 200 азамат барынша белсенділік танытты. Сонымен қатар тазалық шарасына мемлекеттік және бюджеттік 35 мекемеден 1 800 адам жұдырықтай жұмылып, қоғадай жапырылып атсалысты. Кеншілер шаһарындағы 37 пәтер иелері кооперативі мен мүлік иелері бірлестігіндегі 350 адамның күшімен 100-ден астам аула тазартылды. Тазалық шарасынан 500-ге жуық шағын бизнес нысаны қалыс қалмады. Бұл, жалпы алғанда, 5 мыңнан астам адамды құрайды.
Нақты айтқанда, сенбіліктің нәтижесінде 15 мыңнан астам қап қоқыс жиналды. Қазіргі уақытта 6 мердігер ұйым қапшықтарын сыртқа шығарған. Бүгінде 9 мың м³ астам қоқыс арнайы полигонга апарылды. Ал Әлихан Бөкейхан ауданынан сенбілікке 5 098 адам қатысты. Оның 1000-ға жуығы – кәсіпорындардан. Ауқымды шараның арқасында 7000 қоқыс қабы тысқа шығарылды.
Республикалық «Таза Қазақстан» акциясының аясында Қарағандыда кезекті сенбілік өтті. Тазалық шарасына қатысушылар «Мәңгілік алау» монументінің маңын да жиыстырды. Жас еріктілермен бірге сенбілікте ардагер серпін танытты. Тазалық шарасында колледж студенттері ғана емес, қала тұрғындары, мекеме қызметкерлері де төбе көрсетті. Ауқымды акция Қарағанды қаласы Жастар ресурстық орталығының ұйытқы болуымен ұйымдастырылды. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Қарағандыда тазалық шаралары жалғаса береді. Ал «Киелі мекен» аптасында қала ескерткіштерінің аумағы ретке келтіріледі. «Жасыл аймақ» апталығында шаһарды көгалдандыру жұмыстары жоспарлануда.
Жанбота БЕЙСЕНБАЙ,«QH»