«Samgau – 2023»: тың тәжірибе, жарқын болашақ
Қарағанды қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде Alumni NIS түлектер қауымдастығының ұйымдастыруымен екінші мәрте «Samgau» түлектер форумы өтті. Жиынға мектепті әр жылдарда тәмамдаған 40 түлек қатысып, жоғары оқу орнына түсу тәжірибесі мен кәсіби жетістіктерін бөлісті.
– Қазіргі таңда NIS Alumni-дің көптеген жобасы бар. Олар түлектердің дамып, өсіп-өнуіне ғана бағытталмай, қоғам үшін де игі бастамаларды көтереді. Мысалы, биыл түлектер күш біріктіріп, ауыл мектебінің бір оқушысына NIS мектебінде тегін білім алуға мүмкіндік сыйлаған болатын. Алдағы уақытта да бір-бірімізге қолдау көрсетіп, мектебімізге, қоғамға және мемлекетімізге пайдамызды тигізейік, – деп атап өтті 2022 жылғы мектеп түлегі және Alumni NIS амбассадоры Ақмарал Дайрабай.
Форумның панельдік пікірталасы «Жасанды интеллект және білім берудің болашағы: AI. vs. AI. (Academic Integrity vs. Artificial Intelligence)» тақырыбына арналды. Пікірталасқа тарих пәнінің мұғалімі Ғабит Мұхтарұлы, экономика мұғалімі Жантілек Напталов, мектеп түлектері Ақмарал Дайрабай мен Әділ Шаяхметов және оқушылар Айгерім Жаркешова мен Қаныш Берлібеков қатысты. Пікірталас аясында жасанды интеллект түлектер мен оқушылардың академиялық адалдығына қалай әсер ететіні, пайдасы мен зияны талқыланды.
Ал сессиялық отырыстарда түлектер жоғары оқу орнына түсу жөнінде кеңес беріп, өз мамандықтарының қыр-сырымен бөлісті.
– Өткен жылы форумға көрермен ретінде қатысқан болатынмын. Бүгін мен спикер ретінде сөз сөйлеп, педиатр дәрігер ретінде тәжірибемді бөлістім. Кеңестерім оқушыларға пайдалы болды деп үміттенемін. Форумның барлық қатысушысының оқуда және кәсіби жолда табысқа жетуіне тілектеспін, – дейді 2015 жылғы түлек Дариға Жетпісбаева.
10 жыл ішінде Қарағанды қаласындағы NIS-тен 1 023 түлек үлкен өмірге жолдама алды, олардың көпшілігі Қазақстан, АҚШ, Гонконг, Оңтүстік Корея, Венгрия, Италия, Германия және басқа да елдердің ірі университеттерінде білім алуда.