Салық пайызы төмендеді
Қарағанды облысы бойынша бөлшек салық мөлшерлемесін 4-тен 2%-ға дейін төмендету жөнінде шешім қабылданды. Бұл – аймақтағы бизнес ахуалын жақсартуға мүмкіндік беретін шаралардың бірі.
Жалпы, бизнес жүргізуді жеңілдету үшін не істеліп жатқаны аппараттық кеңесте талқыланды.
– Өзекті жаңалықтардың бірі жергілікті өкілді органдардың бөлшек салық мөлшерлемесінің мөлшерін 50 пайызға дейін төмендету құқығы болып отыр. Бұл – бизнеске жүктемені айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының бастамасын республикада алғашқылардың бірі болып біздің облыс қолдады. Бүгінгі таңда облыстың барлық қаласы мен аудандарының мәслихаттары бөлшек салық мөлшерлемесін 4-тен 2%-ға дейін төмендету жөнінде шешім қабылдады, – деді Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Дастан Құдабаев.
Оның айтуынша, 190 қызмет түрі бар бұл қолдау шарасын 35 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі пайдалана алады. Бұл ретте олардың қызметкерлерінің саны 200 адамнан аспауға тиіс, ал жылдық табысы 600 мың АЕК-тен аспауы тиіс.
Облыста мемлекеттік қызметтер электронды форматқа ауыстырылады. Геопорталда кәсіпкерлер жер учаскесін онлайн режимінде ресімдей алады.
Жер мәселелерін барынша ашық шешу қажет екенін атап өтті өңір басшысы Ермағамбет Бөлекбаев. Сонымен қатар ол жыл соңына дейін барлық монополист компанияның желілеріне қосылуға техникалық шарттар беруді автоматтандыру міндетін қойды.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында облыста шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандардың үлесі өсуде. Кәсіпкерлік басқармасының мәліметінше, жарты жылда 4,8 мың жаңа шағын кәсіпорын ашылып, 5,7 мың жұмыс орны ашылды.
Проблемалық мәселелерді шешу үшін мемлекеттік және құқық қорғау органдары, бизнес-қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен сараптамалық кеңес жұмыс істейді.
Мемлекеттік бақылауды жетілдіру туралы өңірлік Кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов айтып берді.
– Бизнесті жүргізу жеңілдігінің рейтингісі – біздің жұмыстың көрсеткіші. Біз өңірдің бизнес-климатын жақсартумен үнемі және жүйелі түрде айналысуымыз керек. Отандық және шетелдік бизнестің инвестицияларын тарту біздің басты міндетіміз екенін барлығы түсінуі керек. Бұл – жаңа жұмыс орындары мен облыс тұрғындарының әл-ауқатын арттыру, – деп атап өтті Ермағамбет Бөлекбаев.