«Salauat Fest» жастарды ортақ мақсатқа біріктірді

26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай Қарағандыда өткен «Salauat Fest» жастар форумы салауатты өмір салтын насихаттау мен есірткіге қарсы қоғамдық күресті жаңа деңгейге көтерді. Қарағанды облысы Полиция департаментінің бастамасымен ұйымдастырылған ауқымды іс-шара есірткі қылмысына қарсы күрес және оның алдын алу айлығын қорытындылап, жүздеген белсенді жасты, спортшыларды, еріктілерді және қала тұрғындарын ортақ мақсатқа жұмылдырды.

Форум Қарағанды облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, Қарағанды қаласы әкімдігінің Ішкі саясат бөлімі, Жастар ресурстық орталығы және «Қарағанды облысының кәсіпкерлер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Биылғы шараның негізгі ұраны – «Қауіпсіз қоғам» жобасы аясындағы «Заң және тәртіп» қағидаты болды.

Форумның ашылуында Қарағанды қаласы Полиция басқармасының бастығы Шахназар Салин нашақорлықтың қоғамға төндіретін қаупіне тоқталып, бұл мәселемен күрес тек құқық қорғау органдарының ғана емес, тұтас қоғамның міндеті екенін атап өтті.

– Бүгін – дүниежүзілік нашақорлықпен және есірткінің заңсыз айналымымен күрес күні. Осы орайда сіздерге тек полиция басшысы ретінде ғана емес, балаларымыздың және еліміздің болашағына бейжай қарамайтын азамат ретінде үн қатқым келеді. Есірткі жас талғамайды, әлеуметтік мәртебеге де, мамандыққа да қарамайды. Ол отбасыларды ойрандап, тағдырларды талқандап, ең қымбат құндылық – адам өмірін жалмайды. Сондықтан біздің ортақ міндетіміз – жас ұрпақтың осындай қасіретке тап болуына жол бермеу. Тек бірлесе әрекет етіп, бір-бірімізді қолдап, балаларымызды сүйіспеншілікке, құрметке және салауатты өмір салтына тәрбиелеу арқылы ғана олардың жарқын болашағын сақтай аламыз, – деді Шахназар Салин.

Форум аясында әр қатысушының қызығушылығына сай түрлі интерактивті алаңдар жұмыс істеді. Жасанды интеллект негізіндегі фотобудкалар, Showtoday платформасы, армрестлинг пен фристайл-футбол жарыстары, киімге ерекше принт түсіру аймағы жастардың ерекше қызығушылығын тудырды. Сонымен қатар медициналық кеңес беру, экспресс-тестілеу, Aerofit club қызметімен танысу, Төтенше жағдайлар департаменті мен Полиция департаментінің арнайы техника көрмесі, автокөлік пен мотоцикл экспозициясы көпшілік назарына ұсынылды.

Форум барысында есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелерін марапаттау рәсімі өтті. Бұл қоғам белсенділерінің еңбегіне көрсетілген құрмет қана емес, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның бірлескен жұмысының нәтижесін айқындаған маңызды сәт болды.

Қарағанды қаласы Жастар ресурстық орталығының басшысы Якуб Джамалов соңғы жылдары профилактикалық жұмыстардың оң нәтижесін беріп жатқанын айтып, бұл бағыттағы жұмыстың алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.

– Соңғы екі жылда өңірде нашақорлыққа қатысты бірқатар көрсеткіштердің айтарлықтай төмендегенін байқап отырмыз. Бұл – полицияның, білім беру ұйымдарының, жастар ұйымдарының және қоғамның бірлескен жұмысының нәтижесі. Біз профилактикалық шараларды күшейтіп, жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыра береміз. Алдағы жылдары бұл көрсеткішті мейлінше нөлге жақындатуға толық мүмкіндік бар деп сенеміз. Ең бастысы – жастардың санасында салауатты өмір салтын таңдау мәдениетін қалыптастыру, – деді Якуб Джамалов.

Форумның мәдени бағдарламасы да мазмұнды болды. Қала тұрғындары шығармашылық және спорттық ұжымдардың өнерін тамашалап, Полиция департаментінің кинологиялық орталығы қызметтік иттерінің көрсетілімдері мен жедел қимылдайтын арнайы жасақтың шеберлік қойылымдарына куә болды. Кештің шарықтау шегі әсерлі файер-шоуға ұласып, мерекелік көңіл күй сыйлады.

Қарағанды облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының 4-бөлім бастығы Данияр Жақұдаев бір ай бойы өткізілген айлықтың нәтижесіне тоқталып, мұндай шаралардың жастар тәрбиесіндегі маңызын атап өтті.

– Бір ай бойы Қарағанды облысында ондаған нашақорлыққа қарсы іс-шара өткізілді. Ал бүгін Қарағанды қаласының Орталық саябағында жастарымызға арналған қорытынды форумды ұйымдастырып отырмыз. Бұл жерде полиция қызметкерлері, қоғам белсенділері, спортшылар мен жастар бір мақсатқа бірікті. Біздің басты міндетіміз – спорт, мәдениет және білім беру арқылы жастардың бойына «Заң мен тәртіп» қағидаттарын сіңіріп, салауатты өмір салтын насихаттау және есірткіге үзілді-кесілді «жоқ!» дейтін ұстанымды қалыптастыру, – дейді Данияр Жақұдаев.

«Salauat Fest» жастар форумы өңірімізде есірткісіз қоғам қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасып жатқанын тағы бір мәрте көрсетті. Спортты, шығармашылықты және қоғамдық белсенділікті ұштастырған бұл бастама жастарды игі іске жұмылдырып қана қоймай, дені сау, қауіпсіз әрі жауапты қоғам құрудың нақты үлгісіне айналды.

Құралай ӘЛЖАППАР,

«QH»