Сақтық шаралары

Орманды алқапта өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету ерекше назарда. Қарағанды, Теміртау және Шахтинск қалаларынан үш өрт сөндіруші бөлімшесінің мамандары аймағымыздың Ұлттық парктеріне жіберілген. Құтқарушылар өрт жағдайларын бақылау үшін дрондарды пайдаланбақ. Әкімдікте өткен аппарат отырысында қауіпті маусымдағы сақтық шаралары айтылды.

Қуантарлығы сол қазіргі таңда, Қарағанды облысының аумағында табиғи орман өрттеріне қатысты жағдай тұрақты, дала өрті тіркелген жоқ. Бұл күнде табиғи паркі, орманды алқабы бар аймақтарда табиғи өрттің алдын алу үшін тәулік бойы мониторинг жүргізу және жедел ден қою үшін Қарағанды облысы ТЖД жедел штаб жұмысын бастады. Оның құрамына жергілікті атқарушы органдардың, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының, орман шаруашылығы мекемелерінің және Қазгидрометтің өкілдері кірді. Алқалы жиында басқарма басшысы өрт сөндіру бекеттері мен орман өртін сөндіру станцияларының жұмысы жүйелі екенін атап өтті. Және табиғи парктерде өрт қауыпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы құтқарушылар кезекшілікке жұмылған.

– Қарқаралы және Осакаров аудандарында орман аймағында өрт қауіптілігінің 4 сыныбы тіркелуіне байланысты, ағымдағы жылдың маусым айынан бастап, Қарқаралы, Бұйратау орманшылықтарында кезекшілік ұйымдастырылды. Мобильді топтармен 400-ден аса, 1200-ден астам профилактикалық шара ұйымдастырылды, – дейді Қарағанды облыстық ТЖД басшысы Мұрат Қатпанов.

Әдетте апталаған ыстығы бар жаз маусымында табиғат аясында алау тұтанып, дала, орман өрті жиілеп кетеді. Биылғы өрт қауіпті маусымдағы табиғи өрт көрсеткішіне тоқталсақ, облыстық ТЖД басшысы ақпарынша, өрт қауіпті кезең басталғанда екі орман өрті және бес дала өрті орын алған, жанған аумаққа келген шығын да былтырға қарағанда аз.

Аппараттық жиында аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев тілсіз жауды болдырмау, алдын алу жағдайын ұдайы бақылауда ұстауды тапсырды. Аймақтарды орманды алқапты бақылауда, өрт қауіпті жағдайлардың мониторингіне дрондарды белсенді қолдануды тапсырды. Осы ретте, қырағылықты күшейту, орман алқаптарындағы рейдтер санын көбейту де маңызды. Сонымен қоса, өңір басшысы базарлар мен ірі сауда үйлерінің аумақтарында газ баллондарын пайдалануға жол берілмеуі керектігін қадап айтты. Кәсіпкерлік кодекске қарамастан, өрт қауіпсіздік шараларын талап етуді, тиісті шара қолдануды міндеттеді.

Айдын ЖОЛҚҰТТЫТЕГІ, «QH»