Сәулесіз операция – науқастарға жаңа өмір

Қарағанды қаласының №2 көпсалалы ауруханасында жүрекшелер фибрилляциясын емдеудің жаңа әдісі – жүрекішілік ультрадыбыстық құрылғы арқылы абляция жүргізу енгізілді. Бұл ота рентген-қолдануды қажет етпей, мамандар мен пациенттердің сәулеленуін азайтады деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жүрекшелер фибрилляциясы – жүрек ырғағының бұзылуына әкелетін кең таралған патология. Дәстүрлі абляция әдісі ақаулы бөлікті күйдіру арқылы ауруды емдеуге мүмкіндік береді, бірақ рентген навигациясы қажет болғандықтан, дәрігерлер мен пациенттер сәулеленуге ұшырайтын. Жаңа әдіс жүрек қуысының ішінен тікелей алынған кескін арқылы жоғары дәлдікпен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Шеберлік сабақты Новосібірден арнайы келген Илья Стенин өткізді. Ол аритмияны катетерлік әдіспен емдеу және Zero-fluoro технологиясы бойынша сарапшы.

№2 көпсалалы аурухананың аритмолог-хирургі Нұрлан Елемесовтің айтуынша:

«Инновацияның мәні – жүрек қуысына тікелей енгізілетін ультрадыбыстық құрылғының арқасында біз жүректі нақты уақыт режимінде көре аламыз. Құрылғы өте шағын, диаметрі шамамен 5 мм ғана және жоғары дәлдіктегі визуализация береді. Мұндай отадан кейін науқастардың басым бөлігінде аритмия жойылып, олар қалыпты өмірге қайта орала алады».

Заманауи технологияның енгізілуі Қарағандыдағы кардиология саласында үлкен серпіліс әкеліп, жүрек ауруларымен күресте жаңа деңгейге көтеріліп отыр. Енді науқастар сәулеленусіз, қауіпсіз және тез қалпына келетін отадан өту мүмкіндігіне ие болды.

Ералы ҒАНИ,

«QH»