Сұранысы жоғары кәмпиттер

Сүйікті қаламыздың әйгілі «Қарағанды кәмпиттері» кондитер фабрикасы қайта жанданады. Кеншілер шаһарының брендімен өндірілген тәттілер араб елдеріне экспортталмақ. Бұл туралы журналистермен кездесу барысында өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев мәлімдеді.

Жарты ғасырдан астам тарихы бар «Қарағанды кәмпиттері» кондитер фабрикасы қайта жанданбақ. Өңір басшысының айтуынша, бұл мақсатқа 200 миллион доллардан астам қаражат қажет. Фабрика жаңа орында қайтадан салынады.

– Бүгін ғана акционерлермен келіссөз жүргіздік. Қазіргі уақытта өндіріс үшін Пришахтинск ауданынан 20 гектардан астам жер учаскесін анықтап жатырмыз. Бір айдың ішінде бұл мәселелер шешіледі. Бұл қаладағы ірі жобалардың бірі болмақ. Жобаға акционердің жеке қаражаты мен несиелік қаражаттары жұмсалады – деді, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Өндіріс заманауи технологиялармен жабдықталады. Жобаға Австрия және Швейцария компаниялары қатысады деп жоспарлануда. Өңір басшысының айтуынша, акционерлер экспортқа, әсіресе, Біріккен Араб Әмірліктеріне басымдық бермек.

– Акционерлер тек ішкі нарыққа ғана емес, экпортқа да басымдық беруді көздеп отыр. Әсіресе араб елдеріне назар аудармақ. Себебі, бұл өнімдерге сұраныс бар. Сондықтан, барлық мәселе жан-жақты қарастырылатын болады, – деп қосты өңір басшысы.

Журналистермен кездесу көктемнің шуақты мерекесі – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында өтті. Өңір басшысы кездесуге қатысқан нәзік жандыларды мерекесімен құттықтады. Сонымен қатар, кездесуде облыстың даму мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, Қарағандыда жаңа оқушылар сарайы, стадион, спорттық арена, бассейн және мұз айдыны кешені бой көтермек.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»