Сәкен театры жүлдегерлер қатарында

Уфада ұлттық театрлардың халықаралық VІІІ «Туғанлық» фестивалі өтті. Биылғы фестиваль башқұрттардың астанасы – Уфа қаласының 450 жылдығына арналды. Халықаралық театр мерекесіне Ресейдің түрлі өңірінен 15 театр, сондай-ақ Қазақстан мен Қырғызстанның бірнеше театры қатысты. Бір апта ішінде қазылар алқасы мен сарапшылар түрлі жанрдағы 16 спектакльді көріп, талқылады. Күніне Уфа қаласының театр сахналарында үш бірдей қойылымнан көрсетілді.

С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры ұлттық театрлар бәйгесінде Ресейдің Вахтангов театрында, Еуропа театрларында режиссерлігімен шыңдалған талантты режиссер Гүлназ Балпейісова сахналаған «Қарагөз» трагедиясын (М.Әуезов) ұсынды. Ұлттық классика інжу-маржанының бүгінгі күнмен үндестіріліп қойылған жаңа нұсқасын белгілі халықаралық театртанушылар мен өнертанушы сарапшылар жоғары бағалады. Әсіресе Сәкен театры актерлерінің сахна шеберлігі, образ кейіптеудегі өзіндік ой-өрнек, іс-қимыл әрекеттеріне тәнті болды.

Нәтижесінде фестивальдың негізгі сегіз номинациясының бірі болған «Үздік ер адам рөлі үшін» жүлдесі «Қарагөз» қойылымында Нарша бейнесін сомдаған Бауыржан Нұрмағамбетовке берілді.

Негізгі номинациялар жүлдесін айтпағанда, Башқұртстанның атақты актерлері ерекше ойынымен танылған әртістерге арнайы жүлделер де тапсырды. Сәкен театрының актрисасы Әнелі Сағындықова Қарагөз рөлі үшін фестивальдың осындай арнайы жүлдесіне ие болды.

Әнелі Сағындықова С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрында 3 жылдан астам уақыт көлемінде актриса болып қызмет атқарып келеді. Осы уақыт аралығында театр сахнасында репертуарлық негізі бар біршама рөлде бой көрсетіп, 20-ға жуық рөлді сомдаған.

– 2022 жылы театрымызға Мәскеу қаласындағы Е.Вахтангов театрының режиссері Гүлназ Балпейісова шақыртылып, екі ай көлемінде ауқымды жұмыс жүрді. Қойылымда мен басты рөлді, яғни Қарагөз бейнесін сомдадым. Қойылымды сахналау барысындағы дайындық кезеңі мен үшін және қойылымға қатысқан барлық актер үшін өте көңілді әрі қызықты өтті. Себебі Гүлназ Балпейісовамен бірігіп жұмыс жасау «Қарагөз» қойылымына дайындалу барысына қоса мамандығымызды тереңірек түсінуге мүмкіндік сыйлайтын актерлік тренингілермен есімде қалды. Сондықтан Қарагөз рөлінің мен үшін театрдағы басқа рөлдеріме қарағанда орны ерекше. С.Сейфуллин театры республикалық театр фестивальдарында және халықаралық деңгейдегі театр додаларында бақ сынап келеді. 16-23 мамыр аралығында театрымыз Башқұртстан Республикасының Уфа қаласында өткен «Туғанлық» халықаралық ұлттық театрлар фестивалінде бақ сынады. Фестивальда театрымыз М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясымен өнер көрсетіп, аталмыш театр додасында фестиваль ұйымдастырушыларының арнайы сыйлығына Қарагөз бейнесі үшін ие болдым. Маған бұл жеңісім болашақта әрі қарай талпынып, еңбектеніп, жұмыс жасап, бұдан да үлкен белестерді бағындыруға күш сыйлады. Бұл жүлде маған үлкен мотивация берді, – дейді актриса Әнелі Сағындықова.

– «Туғанлық» фестивалі бағдарламасының тәжірибе алмасу, белгілі театр тарландарының шеберлік сағаттары сияқты танымдық іс-шаралармен толығып отырғаны да, фестивальдың атына сай, қатысушылардың туыс-туғандық қарым-қатынастарын бекіте түсті, – деп атап өтті С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының басшысы Құрман Қалымов.

«Туғанлық» фестивалінің тарихы 1991 жылдан бастау алады. Алғашқыда түркітілдес халықтар театрларының фестивалі аталғанымен, бүгінде ол ұлттық театр фестивалі деңгейіне көтерілген.

Құралай ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,«QH»